290 маман жасанды интеллект пен GameDev-ті меңгерді: Қазақстандық оқушылар өздерінің IT-өнімдерін жасауда
Қазақстанда Tech Orda бағдарламасының арнайы легі аясында цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды оқыту бойынша пилоттық бағдарлама аяқталды. Нәтижесінде 290 адам, оның ішінде 167 мектеп мұғалімі және «Өрлеу» орталығының 123 тренері жасанды интеллект пен ойын әзірлеу технологияларын оқу процесіне енгізуде.
Енді оқушылар тек бағдарламалауды меңгеріп қоймай, заманауи технологияларды пайдаланып, өздерінің IT-өнімдерін жасай алады. Ал оқуды аяқтаған педагогтар оқушыларға цифрлық құралдарды игеруге және оларды тәжірибеде қолдануға көмектесуде.
Бұл бастаманың жарқын үлгісі ретінде Жаңаөзен қаласындағы Дарын №13 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Гүлнұр Ибраеваның жұмысын айтуға болады. Ол оқушысымен бірге GameMaker платформасында «Алдар Көсе» интерактивті ойынын әзірлеп, қазақ халық ертегісін ойын форматына айналдырды. Жоба «Дарын» қалалық байқауының жеңімпаздары қатарынан көрініп, цифрлық технологиялардың ұлттық мұраны сақтаудағы әлеуетін көрсетті.
Осыған ұқсас әдісті педагог Маханбет Сатлабаев та қолданды. Ол оқушыларды қазақ батырларының тарихымен ойын форматы арқылы таныстыруды жөн көрді. Өз шәкіртімен бірге «Game of Heroes» ойынын жасап, онда қазақ батырларының ерліктерімен танысуға мүмкіндік берді.
Биология пәнінің мұғалімі Рыскүл Нұрова да ерекше нәтиже көрсетті. GameDev-ті меңгергеннен кейін ол курс бойынша үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, енді биология пәнін оқытуда цифрлық құралдарды қолдануды жоспарлап отыр. Бұл оның сабағын көрнекі әрі тартымды етуге мүмкіндік береді.
Оқу алты айдан астам уақыт бойы қазақ және орыс тілдерінде nFactorial және Omnium жетекші IT-мектептерінің басшылығымен өтті. Бағдарлама аяқталғаннан кейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп, жасанды интеллект және GameDev бойынша білім беру бағдарламаларын пилоттық мектептердің оқу жоспарларына енгізуге кірісті.