Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойын әзірледі

Жезкент лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы, Бородулиха ауданының тұрғыны Нұралы Амангелді «Параға сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын жасап шығарды. Бұл ойын мектеп оқушыларына сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсінуге және оны қабылдамау мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

Ойын квест форматында жасалған. Ойыншыларға жасырын агент немесе журналист рөлін таңдап, судья, прокурор немесе мемлекеттік қызметкерге қарсы тергеу жүргізу мүмкіндігі беріледі. Ойын барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негіздерін үйренеді, ал финалда сыбайлас жемқорлық схемасын әшкерелейді.

Нұралы өз әзірлемесін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тегін мобильді қосымшаға айналдыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалардың алғашқы республикалық конкурсында жеңіп алған бір миллион теңгені ойынның дамуына бағыттады. Бұл қаражат оған VR-очкалар мен функционалды жақсартуға арналған жабдық сатып алуға мүмкіндік берді.

Алдағы жаңартуларда Нұралы әр кезеңде Абайдың «Қара сөздерінен» үзінділер қосып, ойынға терең рухани мағына беруді және ойыншыларға саналы шешімдер қабылдауға көмектесуді жоспарлап отыр.

TSARKA қолдауымен