AI-дан агротехке дейін: Dealroom.co платформасында 390-нан астам қазақстандық стартап ұсынылған
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып халықаралық Dealroom.co платформасында өз стартап-экожүйесін ресми түрде таныстырды. Бұл – стартаптар мен инвестициялар туралы мәліметтерді жинақтайтын әлемдегі жетекші дереккөздердің бірі. Қазіргі таңда онда жасанды интеллект, финтех, білім беру, денсаулық сақтау, агротехнология және киберқауіпсіздік салаларында жұмыс істейтін 393 қазақстандық жоба тіркелген.
Олардың қатарында – жеке бейнеконтент жасауға арналған ReelMagic жасанды интеллект қызметі мен Diffuse сервисін әзірлеген Higgsfield стартабы, АҚШ нарығына шыққан геймификацияланған фитнес-студия – Hero’s Journey, сондай-ақ инсультті дәл анықтауға арналған Cerebra жасанды интеллект платформасы бар. Сонымен қатар блокчейн негізіндегі электронды қолтаңба қызметі – TrustMe, ойын арқылы бағдарламалауды үйрететін CodiPlay білім беру қосымшасы, жеке инвесторларға арналған Paidax платформасы, қызметкерлердің қаржылық әл-ауқатын арттыруға бағытталған Prosper Pay аванс қызметі және басқа да жобалар ұсынылған.
Dealroom.co венчурлік қорлар, акселераторлар мен технологиялық компаниялар үшін pre-seed кезеңіндегі командалардан бастап, экспорттық әлеуеті жоғары жетілген стартаптар жөнінде құрылымды ақпарат ұсынады. Жүйе команда құрамы, қаржыландыру кезеңдері, қызмет салалары мен өсу динамикасы бойынша жан-жақты деректерді біріктіріп, сауатты әрі тиімді инвестициялық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
2013 жылы Амстердамда негізі қаланған Dealroom.co бүгінде бүкіл әлем бойынша 2 миллионнан астам компанияны біріктіреді. Платформа үкіметтер, ірі корпорациялар, қорлар мен зерттеу орталықтары арасында кеңінен қолданылады. Серіктестерінің қатарында Google, Deloitte және тағы басқа 30-дан астам ел ұйымдары бар.
Еске сала кетейік, қазақстандық дашбордтың Dealroom.co платформасындағы ресми тұсаукесері Digital Almaty 2025 форумында өтті. Платформа негізін қалаушысы Йорам Вийнгаарде өз сөзінде Қазақстанды өңірдегі ең жылдам дамып келе жатқан стартап-экожүйелердің бірі ретінде атап өтіп, елдің жаһандық цифрлық трансформация үдерісінде маңызды рөл атқаруға толық әлеуеті бар екенін жеткізді.