AI’preneurs: AI стартаптарының акселераторының үшінші легіне өтінімдер қабылдау ашылды

Astana Hub жасанды интеллект саласында инновациялық шешімдер әзірлеу үшін дарынды мамандарды біріктіру және команда құруға бағытталған акселерациялық бағдарлама AI’preneurs жаңа легіне өтінімдер қабылдаудың басталғанын хабарлайды.

Өтінімдер 2025 жылғы 26 тамызға дейін astanahub.com платформасында қабылданады.

Акселератор әзірлеу мен инженериядан бастап, бизнес пен креативті индустрияларға дейінгі түрлі салаларда кәсіби тәжірибесі бар мамандарға арналған. Қатысушылар қатарында әзірлеушілер, инженерлер, аналитиктер, бизнес-девелоперлер, бизнес иелері, PR, маркетинг, дизайн мамандары, сондай-ақ product-, project- және sales-менеджерлер бар. Олар командалар құрып, үш айдың ішінде идеядан дайын AI өнімге дейінгі кезеңдерден өтеді.

Бағдарлама үш негізгі кезеңнен құралған. Бірінші кезең үш аптадан тұрады. Қатысушылар өзара танысып, серіктестер табады және ұйымдастырылған іс-шаралар сериясы арқылы командалар құрады. Екінші кезең төрт аптадан құралған. Командалар стартап-идеяларын валидациядан өткізіп, Инвестициялық комитет алдында таныстырады. Одан өткендер финалдық кезеңге жолдама алады. Үшінші кезең – бес апта. Өнім әзірлеу, үздіксіз сарапшылар қолдауы және Demo Day форматында венчурлық қорлар мен корпорацияларға дайын шешімдерді таныстыру.

«AI’preneurs бағдарламасының екінші легі айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, AI-стартаптар үшін жаңа стандарттар орнатты. 360 өтінімнің ішінен 54 қатысушы іріктеліп, 20 команда құрылды. Олардың 13-і акселерацияны сәтті аяқтап, мықты MVP-і бар жеке стартаптарын құрды. Қатысушылардың сату және алдын ала сатылымының жалпы көлемі 153 млн теңгені құрады, ал екі жоба Astana Hub Ventures тарапынан $75 мың көлемінде инвестицияға soft commitment алды. Ұсынылған шешімдер қатарында клиенттерді автоматтандырылған режимде іздеуге арналған CoFounder AI, салық консультанттарының жұмысын жеңілдететін STIKER.AI, туристік платформа TabiLens, дрондар арқылы жол-көлік оқиғаларын тіркеу жүйесі U-Drone және басқа да инновациялар бар», – деп атап өтті Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Ербол Ахметов.

Астанада офлайн форматта өтетін бағдарламаға білім беру іс-шаралары, салалық сарапшылармен жеке кеңестер және жобалар бойынша практикалық жұмыс кіреді. Басқа қалалар мен елдерден келген қатысушыларға бағдарлама жүзеге асырылатын кезеңде арнайы жатын орындар беріледі. Әр командаға жеке трекер бекітіледі, ол жұмыс барысын қадағалап, апталық бордмитингтер өткізіп, тиімді жұмыс процесін құруға көмектеседі. Бағдарламаның жетекші трекерлерінің қатарында Евгений Фролов пен Николай Тян бар.

AI’preneurs аясында командаларға гипотезаларды жылдам тестілеуге және прототиптер жасауға арналған no-code және low-code платформаларына қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Үздік жобалар SAFE типтік келісімшарты бойынша бастапқы инвестиция алады. Бұдан бөлек, қатысушыларға Astana Hub Perks серіктестік бағдарламасы аясында отыздан астам технологиялық компанияның бұлтты сервистері, маркетплейстері және басқа да стартаптарға арналған ресурстары ұсынылады.

Бағдарлама туралы толық ақпарат пен қатысу үшін өтінім беру сілтеме арқылы қолжетімді.

TSARKA қолдауымен