Ақтауда Mangystau Hub нсгізінде 3D зертханасы ашылды

Маңғыстау облысында жаңа технологиялық жоба іске қосылды – өңірлік Mangystau Hub алаңында заманауи 3D-зертхана өз жұмысын бастады. Бұл бастама жастардың инженерлік әлеуетін дамыту мен цифрлық өндіріс саласындағы стартаптарға жағдай жасауға бағытталған.

Зертхана алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықталған: екі ультра жылдам Creality K1 Max 3D-принтері, төрт кәсіби Creality K1C принтері, 30 PLA филамент катушкасы және модельдеу мен баспаға арналған алты қуатты ноутбук бар. Жобаға толық цифрлық өндірістік экожүйені қамтамасыз ететін 3D Point командасы техникалық сүйемелдеу жасайды. 

Зертхананың ресми ашылуы маусым айының басында өтті. Мұнда 3D Point мамандары 3D-модельдеу, баспа және инженерлік ойлауды дамытуға арналған практикалық интенсив өткізді.

“3D-зертхана – технологияға қызығушылық танытатын жастар мен стартаперлер үшін жақсы мүмкіндік. Мұнда 3D-модельдеуді меңгеріп, алғашқы прототипті құрастырып, практикалық дағдылар алып, инженерия немесе кәсіпкерлік жолын бастауға болады. Біздің мақсатымыз – өңірде технологиялық жобаларды дамытып, ел болашағына үлес қосатын белсенді жасампаздар қауымдастығын қалыптастыру”, – деді Айгерім Мәжтай, Mangystau Hub өңірлік менеджері.

Жоба Маңғыстау облысының Цифрлық технологиялар басқармасы мен қажетті жабдықтарды ұсынған технологиялық серіктес «Полимедиа» ЖШС-нің стратегиялық қолдауымен жүзеге асырылды.

Жақын күндері зертханада білім беру бағдарламасы басталады. Ол шеберлік-сыныптарды, воркшоптарды және курстарды қамтиды. Қатысушылар 3D-баспаның негіздері мен озық әдістерін үйреніп, заманауи модельдеу бағдарламаларын меңгеріп, өз инженерлік және стартап жобаларын әзірлей алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама тек өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес болмақ. Mangystau Hub Маңғыстауда стартаптар құрып, өсу мен ауқымын кеңейту әлеуеті бар инновациялық өнімдерді дамытуға дайын жас инженерлер, өнертапқыштар мен технологиялық кәсіпкерлер қауымдастығын қалыптастырып жатыр.

TSARKA қолдауымен