Aleem: қазақстандықтар Duolingo-ға бәсекелес қосымша жасап, App Store тізімін бағындырды
2025 жылдың қарашасында қазақстандық әлеуметтік желілерде Aleem атауы жиі айтылды .Бірақ Aleem жай ғана тіл үйрететін қосымша емес. Бұл білім мен технологияны ұштастырған, жасанды интеллект арқылы жаңа дәуірге жол ашқан жастардың оқиғасы.
Асылжан және Ален Алтай бауырлары, достары Алидар Күчуков, Темірлан Аманжанов, Темірлан Темірбаев, Бердібек Сапарбеков, Дінмұхамед Асаинов, Айя Жұма және Амаль Садеков - барлығы өз қаражатына жоба жасап шыққан. Олар инвестор іздемеді, грант күтпеді. Бар болғаны идея мен сенім. Сол сенім үш күннің ішінде нәтиже берді: қосымша 107 елден 60 мың қолданушы жинап, App Store тізімінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда бірінші орынға шықты, ал Ресей мен Әзербайжанда топ-2-ге енді.
Aleem қолданушыларға ағылшын тілін үйренудің жаңа тәсілін ұсынады. Ондағы “AI 4 в 1” жүйесі сабақтарды адамның қызығушылығына қарай бейімдеп, сөйлеу мен жазу машығын дамытуға және есте сақтауға бағытталған. Жоба авторлары болашақта қосымшаға бейнероликтер мен кітап оқу мүмкіндігін қосуды жоспарлап отыр. Қазір ол iOS жүйесінде бүкіл әлемде қолжетімді, Android нұсқасы дайындық үстінде. Ең қызығы - Aleem толығымен тегін және ешқандай шектеусіз.
Duolingo-мен салыстырғанда Aleem-нің басты айырмашылығы - оның тереңдігі. Duolingo тілді бастауға мотивация беретін ойын тәрізді жүйе болса, Aleem нақты нәтиже мен сөйлей алу қабілетіне бағытталған.
Aleem-нің миссиясы - білімді баршаға қолжетімді ету. Қазір әлемнің көптеген аймақтарында білікті мұғалімдер жетіспейді, ал оқулықтардың басым бөлігі Еуропаға бағытталған. Сондықтан Aleem командасы ең сапалы білімге әлемнің кез келген жерінен қол жеткізуге жағдай жасауды мақсат еткен.
Бұл бастаманы Қазақстан үкіметі де қолдап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев, Жаслан Мадиев және Асет Абдуалиев сынды тұлғалар жобаның дамуына қызығушылық танытқан. Бұл елдің IT әлеуетін дамытудың және білімді цифрландырудың нақты көрінісі.
Aleem - бұл тек қосымша емес. Ол - қазақстандық жастардың өз елі мен болашағына деген сенімінің символы. Бұл жоба білімге деген көзқарасты өзгертетін, жасанды интеллектті тұтыну емес, оны жасап, әлемдік нарыққа шығарудың үлгісі.
Aleem арқылы білім енді шектеулі ресурстың емес, әр адамның қалтасында жүрген шексіз мүмкіндіктің бейнесіне айналды.