Алматыда бағалы қағаздардың орталық депозитарийлерінің Дүниежүзілік форумы басталды
Алматыда Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің дүниежүзілік форумы (WFC2025) басталды. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия үшін де ерекше оқиға. Шараны Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) ұйымдастырды.
Форумды KCSD басқарма төрағасы Едил Медеу ашып, геосаяси болжамсыздыққа және өсіп келе жатқан өңірлік фрагментацияға жауап ретінде қазақстандық депозитарий әртүрлі елдер мен қаржы орталықтарының орталық депозитарийлерімен тікелей байланыстарға негізделген дербес өңірлік инфрақұрылым құруға ұмтылатынын айтты. Бұл тәсіл өзара әрекеттесудің тұрақтылығын нығайтады, есептеулерді жеделдетеді және инвесторлардың әртүрлі алаңдарға қолжетімділігін кеңейтеді.
Соңғы жылдары Қазақстанның орталық депозитарийі халықаралық серіктестермен байланысын белсенді түрде нығайтуда: 2023 жылы The Bank of New York Mellon-мен корреспонденттік қарым-қатынас орнатты, 2024 жылы Арменияның орталық депозитарийі жүйесінің ресми мүшесі атанды. Бұл нарықтар арасындағы трансшекаралық қатынасты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Биылғы Форумда KCSD Түркияның орталық депозитарийімен (MKK) өзара шоттар ашу туралы келісімге қол қойды. Жыл соңына дейін Тәжікстан мен Әзірбайжанның Орталық депозитарийіне қосылу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар KCSD Таяу Шығыс елдерімен (First Abu Dhabi Bank арқылы) кастодиандық арналар құрады. 2026 жылы KCSD Оңтүстік-Шығыс Азия компанияларымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Бұл серіктестік, біріншіден, инфрақұрылымдар арасындағы өзара әрекеттесудің тікелей арналары арқылы есептеулер мен корпоративтік операцияларды жеңілдетеді. Екіншіден, өтімділікті әртараптандырады, бұл бір аймақтағы инвесторларға басқа делдалсыз құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, тұрақтылықты қамтамасыз етеді, өйткені балама маршруттар жергілікті ақаулардың немесе реттеуші өзгерістердің әсерін азайтады. Нәтижесінде инвестор, эмитент және қадағалау органдары жеңіске жетеді», – деп қосты ол.
Қазақстан қор биржасының басқарма (KASE) төрағасы Әділ Мұхамеджанов Бағалы қағаздардың орталық депозитарийлері қаржы нарығы инфрақұрылымының дәл орталығында тұрғанын атап өтті.
«Сіздер бүкіл әлемде қауіпсіздікті, ашықтықты және тиімділікті қамтамасыз етесіздер. Инвесторлардың, эмитенттердің және үкіметтердің капитал нарығына деген сенімі сіздердің тұрақтылықтарыңыз, инновация және көшбасшылықтарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан да бұл форум өте маңызды», – деді KASE басшысы.
«Еуропа мен Азия арасындағы көпір болып табылатын еліміз өзінің капитал нарықтарын жаңғыртуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі Қазақстан қор биржасымен бірлесіп тұрақты және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін трейдингтен кейінгі экожүйені құрды. Соңғы жылдары инвесторлардың қатысуының өсуі, тұрақты технологиялық жаңару және корпоративтік басқару жүйесінің нығаюы байқалады», – деді Әділ Мұхамеджанов.
Жоғары белгісіздік, есеп айырысу циклдерінің қысқаруы, киберқауіпсіздікке қойылатын қатаң талаптар және цифрлық ортадағы институционалдық рөлдерді қайта қарастыру жағдайында ОД қауымдастықтары мен аймақтық қауымдастықтар – ұжымдық қолдау, өзара білім алмасу және жедел үйлестіру үшін практикалық платформалар үлкен рөл атқарады.
Осы жылғы форумның негізгі тақырыбы – «Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің эволюциясы: посттрейдингтік инфрақұрылымның қиындықтары, мүмкіндіктері және болашағы». Алматыға 50-ден астам елден 80 қаржы ұйымының сарапшылары нарықтың ең өзекті мәселелерін, өзгермелі қаржылық ландшафттағы орталық депозитарийлердің рөлі, реттеушілік өзгерістер, трейдингтен кейінгі инфрақұрылымдағы жаңа трендтер, есеп айырысу тиімділігін арттыру, ЖИ мен блокчейнді енгізу және басқа да көптеген тақырыптарды талқылау үшін келді. Шараға қаржы нарықтарының инфрақұрылымы саласындағы 250-ден астам сарапшы жиналды.
Іс-шараға қолдау көрсеткендер:
· Clearstream халықаралық депозитарийі (Люксембург)
· Nasdaq жетекші жаһандық технологиялық компаниясы (АҚШ)
· Montran қаржылық технологиялар саласындағы көшбасшы (АҚШ)
· Thomas Murray жаһандық тәуекел сарапшысы (Ұлыбритания)
· CMA Small Systems капитал нарығына арналған инновациялық шешімдер (Швеция)
· Vermiculus Financial Technology – биржалар мен депозитарийлерге арналған технологиялар (Швеция)
· КАСС клирингтік орталығы (Қазақстан)
· Merkezi Kayıt Kuruluşu A.Ş. Түркияның бағалы қағаздар орталық депозитарийі (Түркия)
· Freedom broker биржалық брокері, инвестициялық компаниясы (Қазақстан)
· Romer Capital инвестициялық компаниясы (Кипр)