Алматылық оқушы жасанды интеллектті маймыл шешегін анықтауға үйретті
Алматы қаласындағы физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Артем Лаврентьев жасанды интеллект моделін маймыл шешек вирусынан туындаған тері зақымдарын тануға үйретті.
Медицина саласына жасанды интеллектті енгізу – қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің негізгі трендтерінің бірі. Бұл технологиялар диагноз қою мен дәрі-дәрмек жасаудағы тәсілдерді түбегейлі өзгертіп жатыр.
Дамыған елдердің көпшілігінде жасанды интеллект рентген, МРТ және басқа да медициналық суреттерді талдауға белсенді қолданылады, бұл онкология немесе COVID-19 сияқты ауруларды диагностикалауды жеделдетіп, дәлдігін арттыруда. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерінен шабыт алған Артем өз ғылыми жобасын маймыл шешегін анықтауға арналған машиналық оқыту технологияларын зерттеуге арнады.
Оның әзірлемесі 95% дәлдікпен жұмыс істейді. Артемнің айтуынша, оның моделі диагностика процесінің бастапқы кезеңдерінде пайдалы құралға айналып, дәрігерлер мен медицина мекемелеріне түсетін жүктемені азайтуға көмектесуі мүмкін. Жобадан бөлек, ол осы инфекциялық ауруды қолжетімді диагностикалау үшін Telegram-бот жасаумен айналысып жатыр.
Еске сала кетейік, 2022 жылы маймыл шешегінің өршуі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде танылды. 2022 жылдың мамырынан бастап шамамен 99 мың расталған жағдай тіркеліп, 189 өлім жағдайы анықталды. Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, елде бұл ауруға шалдыққан жағдайлар анықталмағанымен, инфекцияның таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдануда.