Alternativa мен IDEA Central Asia Орталық Азия жасөспірімдеріне арналған жаңа білім беру жобасын — Film Talks іске қосуда
Alternativa және IDEA Central Asia ұйымы Teach for Kyrgyzstan бастамасымен бірлесіп, Қазақстан мен Қырғызстан мектептерінде жасөспірімдерге арналған Film Talks — киносабақтар жобасын іске қосты. Бұл жоба жасөспірімдердің сынға салып ойлау қабілетін, эмпатиясын дамытуды, әлеуметтік мәселелерге әуестігін оятып, қоғам өміріне араласуға ынталандыруды көздейді. Жобаға қатысуға ниетті мұғалімдердің бәріне есік ашық, оларға қажет оқу материалдары мен әдістемелік қолдау тегін беріледі. Film Talks жобасының пилот кезеңі белсенді жүріп жатыр — алғашқы ұстаздар дайындық өтіп, өз сыныптарында киносабақтар ұйымдастыруға кірісіп кетті. Жоба 2026 жылы Қазақстан мен Қырғызстанда кемі 1 000 жасөспірімді қамтиды деген жоспар бар.
Film Talks — Қазақстан мен Қырғызстан мектептерінде (келешекте Орталық Азияның басқа елдерін де қамтуы мүмкін) оқып жатқан, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын 14–18 жастағы жасөспірімдерге арналған киносабақтар жобасы. Әр модульге қысқаметрлі фильм көру және сол фильмнің тақырыбы мен сюжетіне қатысты тапсырмалар орындау кіреді. Әр сабақта жасөспірімдерге маңызды әлеуметтік не этикалық — буллинг, гендерлік теңсіздік, экология, отбасынан тәуелсіз болу, ұрпақтар диалогі және т.б. сынды тақырыптар талқыланады. Мақсат — пікір алмасуға ашық әрі қауіпсіз орта құрып, жасөспірімдердің сынға салып ойлау және эмпатия қабілеттерін дамыту, түрлі көзқарасты көре білуді үйрету.
Film Talks жобасының алғашқы сабағы Alternativa Teen Lab кинолабораториясына қатысқан Орталық Азия жасөспірімдері түсірген көркем және анимациялық қысқаметрлі фильмдерге сүйеніп дайындалған. Бұл лабораторияларға сценарист әрі режиссер Лена Ванина мен режиссер Кирилл Кулагин («Айдың нұрына ер», «Ертең қар жауады», «Кейінгі бекет»), сондай-ақ режиссер, Alternativa Teen Lab кураторы әрі Ташкенттегі халықаралық анимация фестивалі TIAF бағдарламалар директоры Данте Рустав («Тау үні», «Сәттер», «Өйткені мен қызбын») жетекшілік еткен.
Film Talks Қазақстан мен Қырғызстан мектептерінің, лицейлері мен колледждерінің жасөспірімдермен заманауи форматта жұмыс істеуге әуестік білдіретін мұғалімдерін шақырады. Киносабақ өткізу тәжірибесі болуы міндетті емес — Film Talks командасы сабаққа қажет материалдың бәрін беріп, куратор болып қолдайды. Фильмдерден бөлек мұғалімдерге тулкит — сабаққа дайындалып, оны өткізуге арналған материалдар жиынтығы беріледі. Әр тулкитте сабақ жоспары, кезең-кезеңімен жазылған нұсқаулықтар мен ұсынымдар, оқушыларға арналған үлестірме материалдар, соның ішінде сабақтағы жұмыс парақтары мен үй тапсырмасы бар карталар болады.
Тапсырмалар түрленіп отырады: жекелей де, топ болып та орындалатын, пікірталасқа, ой толғауға немесе шығармашылыққа құрылған жаттығулар бар. Мұның бәрі жасөспірімдердің әуестігін оятып, өзін еркін көрсетуге мүмкіндік береді.
Қыркүйекте Alternativa мен IDEA Central Asia Film Talks жобасына алғашқылардың бірі болып қатысқысы келетін мұғалімдерге арнап ашық өтінім қабылдау кезеңін өткізді. Команда барлығы 89: Қырғызстаннан — 60, Қазақстаннан — 29 өтінім алды. Өтінімдер ірі қалалардан ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдардан да келіп түсті. Өтініш берушілердің басым бөлігі — тіл, әдебиет, тарих секілді гуманитарлық пәндердің мұғалімдері. Олар киносабақтарды өз оқушыларымен жүргізетін сыныптан тыс жұмыстарға біріктірсек дейді.
«Мен фильмдерді өмір туралы әңгімелесудің күшті құралы деп білемін. Кейіпкерлердің әңгімелері арқылы жасөспірімдер өзін де, өзгені де жақсырақ түсініп, эмпатия мен ой жүгіртуді үйренеді. Киносабақ форматын қолдана отырып, әр оқушы шынайы пікір білдіріп, дауысы естілетін қауіпсіз талқылау алаңын құрғым келеді. Оның үстіне, Film Talks жобасына қатысу — өзге мұғалімдермен тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен шабыт табуға мүмкіндік береді», — дейді Бер-Бұлақ ауылынан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нурсулуу Жумабеккызы (Қырғызстан).
«Қазіргі жасөспірімдерге білім беріп қана қоймай, ойлау, эмпатия және өз ойын дәйектеп жеткізу машықтарын дамытуға сеп болатын жаңа, шынайы, өздеріне жақын оқу форматтары қажет. Film Talks ұсынған қысқаметрлі кино көрсететін сабақ форматы — меніңше, адам құқықтары, теңдік, зорлық-зомбылық, таңдау мен жауапкершілік сынды күрделі әрі маңызды тақырыптарды талқылауға арналған тиімді құрал», — дейді құқық негіздері пәнінің мұғалімі Диас Смағұлов (Семей, Қазақстан).
Опен-колл нәтижесінде қараша айының басында екі елдің 40 мектебінен жиналған мұғалімдер Алматы мен Бішкекте екі күндік тренингке қатысты. Жыл аяғына дейін олар өз сыныптарында Film Talks киносабақтарын байқап көреді. Жоба командасы мұғалімдер мен оқушылардан кері байланыс жинап, бағдарламаны жетілдіре түседі. Келесі кезеңде жоба ауқымы кеңейтіледі. 2026 жылы Қазақстан мен Қырғызстаннан кемі 1 000 жасөспірімді Film Talks жобасына қатыстыру жоспарланып отыр.