Astana Hub пен Google for Startups бірлесіп ұйымдастырған Silkway Accelerator бағдарламасына өтінім қабылдау ашылды
Astana Hub пен Google for Startups бірлесіп жүзеге асыратын Silkway Accelerator бағдарламасының алтыншы легіне өтінім қабылдау басталғанын хабарлаймыз. Бағдарлама – Орталық Азиядағы өсу кезеңіндегі технологиялық стартаптарға арналған жетекші акселераторлардың бірі. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия және Моңғолия командалары қатыса алады.
Өтінімдер 2 маусымға дейін мына сілтеме арқылы қабылданады.
Silkway Accelerator үш жыл ішінде 1300-ге жуық өтінім қабылдады. Олардың ішінен 62 стартап іріктеліп, бағдарламаны сәтті аяқтады. Бұл жобалар $28 млн астам инвестиция тартып, түлектерінің жалпы нарықтық бағасы $500 млн асты. Олар өз қызметін БАӘ, Түркия, АҚШ және басқа да елдердің нарықтарына шығарды. Жемісті жобалар қатарында Zypl.ai, Arlan Biotech, NB Fit, UvU, ApartX, Biometric, ZebraEye, Alaqan және басқалары бар.
Бағдарламаға өнімін нарыққа шығарған, PMF немесе Scale сатысындағы және Астанада 12 апта бойы қарқынды жұмыс істеуге дайын технологиялық стартаптар қатыса алады. Оларға интенсивті трекинг, тегін кеңсе мен коливингте тұру, менторлық қолдау, халықаралық қауымдастыққа жол ашу, PR-сүйемелдеу және инвестициялық мүмкіндіктер ұсынылады.
Қазақстан – Google for Startups жаһандық компаниясымен бірге Орталық Азияда акселератор жүргізетін алғашқы және әзірге жалғыз мемлекет. Бағдарламаның бірінші, екінші,үшінші , төртінші және бесінші легінің қатысушылары туралы толығырақ astanahub.com платформасынан білуге болады.