Астанада AI SANA Generative Nation жеңімпаздары анықталды
Astana Hub алаңында ұлттық AI SANA Generative Nation байқауының ақтық кезеңі өтті. Оған мектеп оқушылары, студенттер, стартаптар және ғылыми командалар қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен 335 өтінім түсіп, байқауға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Іріктеу қорытындысы бойынша Schoolers, Students, Startups және Science санаттарынан 20 команда финалға жолдама алды.
Байқау жасанды интеллекттің қолданылу аясының кеңдігін көрсетті. Қатысушылар медицина, білім беру, экология, өнеркәсіп және спорт салаларына арналған жобаларын ұсынды. Олардың қатарында қатерлі ісікті ерте анықтау технологиялары, психикалық денсаулықты қолдау платформалары, су ресурстарын бақылау жүйелері, емтиханның әділ өтуін қамтамасыз ететін құралдар және цифрлық инклюзия сервистері болды.
Байқау қорытындысы бойынша:
● Best School AI Project: Úmit – қимыл-қозғалысы шектеулі адамдарға арналған интерактивті құрылғы. Ол бас пен тіл қимылы арқылы цифрлық құрылғылар мен мүгедектер арбасын басқаруға мүмкіндік береді.
● Best Student AI Project: Beelieve – аралардың жойылып кетуінің алдын алып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын смарт-омарта жүйесі.
● Best Startup AI Project: TrustExam – емтихандар мен сертификаттау жүйесінің әділдігін қамтамасыз етіп, онлайн-мониторинг арқылы бұзушылықтардың алдын алатын AI-платформа.
● Best Science AI Project: Mirai Tech – спорт, медицина және білім салаларын тоғыстырып, өздігінен генерацияланатын сенсорлар негізінде қимылды талдайтын AI-платформа жеңімпаз атанды.
«Úmit жобасы арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдар телефон, компьютер және өзге де құрылғыларды бас пен тіл қимылдары арқылы басқара алады. Ерікті болған кезімде ерекше қажеттілігі бар балалардың күнделікті істерде көмек сұрағанына куә болдым. Мысалы, сөреден кітап алуды өтінетін. Сол кезде адамдарға көбірек еркіндік пен мүмкіндік беретін шешім ойлап табуды жөн көрдім. AI SANA Generative Nation байқауына қатысу бізге үлкен тәжірибе сыйлады. Ұйымдастыру барысы мен командалардың дайындығы жоғары деңгейде болды», – деді Тараз қаласындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы, Schoolers санатының жеңімпазы Мәди Тажикенов.
Қазылар алқасы мемлекет, ғылым және бизнес өкілдерінен жасақталды. Оның құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов, Booking.com компаниясының технологиялық жетекшісі Әлібек Датбаев, TengizChevroil компаниясының цифрлық шешімдер архитекторы Гүлмира Шарбакова, InDrive.kz өңірлік бизнес-менеджері Арай Бекембаев, Blockchain & AI Technology Center бас директоры Айдана Қасқырбек және Alem.ai Foundation бас директоры Адина Магавина кірді.
Жеңімпаздарға жан-жақты қолдау көрсетілді. Мектеп оқушыларының командасына ноутбуктер табысталып, TUMO бағдарламасы мен Astana Hub курстарына қатысу мүмкіндігі берілді. Студенттер 5 млн теңге сыйақы және Astana Hub білім беру курстарына сертификат алды. Үздік стартап 7 млн теңге ұтып, Digital Bridge 2025 форумындағы Startup Alley алаңында өз жобасын таныстырмақ. Ал ғылым санатындағы топ 10 млн теңге мен Startup Alley-де өз әзірлемелерін көрсету құқығына ие болды. Барлық жеңімпаз командалар алты ай бойы Astana Hub коворкингін пайдалана алады. Әр финалистке қатысушы сертификаты мен естелік сыйлық табысталды.
Бұдан бөлек, жеңімпаз командалар жетекші сарапшылардан менторлық қолдау алады. Олардың қатарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Silkroad Innovation Hub бас директоры Әсет Абдуалиев және MA7 Venture негізін қалаушы Мұрат Абдрахманов бар.
«Бүгінде әлемде жасанды интеллект технологияларын дамыту стратегиялық басымдыққа айналды. Ал мұндай прогресс таланттарсыз мүмкін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында IT-таланттарды дамытып, оқытып келеміз. Сол бастаманың маңызды қадамдарының бірі – ұлттық AI SANA Generative Nation байқауы. Бізге түскен жүздеген өтінім Қазақстан жастарының қызығушылығы мен әлеуетінің зор екенін көрсетті. IT және AI салалары қарқынды дамып келеді, елімізде өзіміздің қазақстандық «юникорндар» қалыптасуда. Кеше мүмкін емес көрінген дүниелер бүгінде шындыққа айналып жатыр. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.
Айта кетейік, 2–4 қазан аралығында Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтеді. Ол жасанды интеллект, цифрлық трансформация, венчурлік капитал, ғылым және білім салаларындағы әлемдік сарапшылар үшін пікір алмасу алаңына айналады. AI SANA Generative Nation байқауы форум аясында алғаш рет ұйымдастырылған AI Week апталығының басты оқиғасы болды.
Форум билеттері мен толық ақпарат Astana Hub қосымшасының Digital Bridge бөлімінде және Digital Bridge 2025 ресми сайтында қолжетімді.