Астанада Firebase Studio Championship өтті: өңірдің үздік әзірлеушілері Google компаниясынан жүлделер алды
Astana Hub алаңында Google for Developers ұйымдастырған Firebase Studio Championship финалы өтті. Бұл іс-шараға 100-ден астам әзірлеуші, стартапер және IT саласының сарапшылары қатысты. Чемпионаттың негізгі мақсаты – Орталық Азияның жаңа буын әзірлеушілерінің дағдыларын дамыту және Firebase Studio мен Gemini API сияқты жаңа технологияларды кеңінен насихаттау.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі Google зерттеу жөніндегі директоры әрі жасанды интеллект саласындағы әлемдік деңгейдегі маман Питер Норвигпен кездесу болды. «Жасанды интеллект: қазіргі заман тәсілдері» атты оқулықтың, ЖИ бойынша танымал онлайн-курстың авторы және Google іздеу алгоритмдерін әзірлеу жұмысын басқарған Норвиг, жасанды интеллекттің болашағы, Google-дің осы саладағы рөлі және ЖИ технологиясының стартап экосистемасына әсері жайлы ашық әңгіме өткізді.
Шараның басты бөлігі Firebase Studio чемпионатының финалы болды. Оған Орталық Азияның ең үздік 10 командасы Firebase Studio және Gemini API құралдарын пайдалана отырып жасалған жобаларын ұсынды. Жобалардың арасында LangBridge (Актөбе) – қазақ тілін үйрететін ЖИ негізіндегі оқытушы, Emgek AI (Бішкек) – мигранттар үшін жұмыс іздеу платформасы, TerraVibe (Ашхабад) – балаларға өсімдіктермен сөйлесуге мүмкіндік беретін ЖИ, Fleetly (Астана) – автопаркті басқару және диспетчерлік жүйе, Ebitdaddy (Астана) – қаржы саласындағы сұхбаттарға дайындалуға көмектесетін жүйе, Loom (Павлодар) – балалар суреттерін эмоция тіліне айналдыратын жоба, Civisignal (Астана) – қалалық мәселелерді шешуге арналған платформа, QuizPet (Астана) – виртуалды үй жануары арқылы жаңа материалды үйрену жүйесі, PrepAi (Қызылорда) – IELTS және SAT тестілеріне дайындық, IdeaForge (Астана) – ЖИ көмегімен креативті ойлау процесін жеңілдететін платформасы бар.
Чемпионаттың жеңімпазы атанған Aстананың EbitDaddy командасы $500 және $1000 көлеміндегі Google Cloud Platform ваучерін жеңіп алды. Олар әзірлеген өнім – студенттер мен түлектерге сұхбаттарға дайындалуға, ал рекрутерлерге кандидаттарды алдын ала скринингтен өткізуге көмектесетін ЖИ платформасы. Бұл шешім 1500-ден астам нақты сұрақтан тұратын база мен интеллектуалды кері байланысқа негізделген, бұл үміткерлердің сенімділігін арттырып, практикалық дағдыларын дамытады.
«Чемпионаттағы жеңіс біз үшін – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айғағы әрі өнімді әрі қарай дамытып, Қазақстанның IT индустриясын ілгерілету үшін күшті ынталандыру. Біз Google-ге біздің әзірлеушілерімізге болашақты құруға мүмкіндік беретін қызметтері үшін, сондай-ақ Astana Hub пен alem.ai-ға экосистема мен жас командаларды қолдағаны үшін ерекше алғыс айтамыз. Чемпионатқа қатысу бізге сарапшылардан маңызды кері байланыс алып, идеяның өміршеңдігін растауға және кәсіби байланыстарымызды кеңейтуге көмектесті. Қазіргі таңда біз негізгі өніміміз – виртуалды тағылымдама үшін EdTech платформасы «Интерниумды» дамытып жатырмыз және пилоттық бағдарламаларды іске қосу үшін университеттер мен серіктес компанияларды іздестіріп жатырмыз», – деді EbitDaddy компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушысы Данияр Рахимбердинов.
Екінші орынға TerraVibe командасы ие болып, $400 мен $700 көлемінде ваучер алды. Үшінші орынды Emgek AI командасы иеленіп, $300 мен $500-лік ваучермен марапатталды. Төртінші және бесінші орындарды IdeaForge және Loom командалары иеленді, олардың әрқайсысы $200 алды. Барлық финалистер Cloudskillsboost білім беру ресурстарына қолжетімділік пен естелік сертификаттармен марапатталды.
Чемпионаттың қазылар алқасында сала мамандары мен технологиялық қоғамдастық өкілдері болды. Олардың арасында Google зерттеу директоры Питер Норвиг, Codiplay бас директоры Данабек Калиаждаров, ForestHero компаниясының Chief AI Officer-і Мадина Абдрахманова, YourPerfectSWE негізін қалаушы Далида Еркулиева, outpeer.kz платформасының бас директоры Жазира Коппагамбетова, Qaz.ai Ассоциациясының вице-президенті Анар Таубаева және Google for Developers үйлестірушісі Аскар Айтуов бар.
Айта кетейік, чемпионат AI Week аясында өтті, ол өз кезегінде Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды. Апта бойы елордада конкурстар, чемпионаттар, әлемдік сарапшылармен кездесулер және инновациялық жобалардың таныстырылымдары өтеді. AI Week мектеп оқушыларын, студенттерді, стартаптарды, корпорацияларды және халықаралық компанияларды біріктіріп, тәжірибе алмасуға және Орталық Азиядағы ЖИ экосистемасын дамытуға мүмкіндік береді.