Астанада жедел жәрдем қозғалысын смартфон арқылы бақылауға болады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі азаматтарға жедел жәрдем бригадасының орналасқан жері мен келу уақыты туралы ақпарат беретін пилоттық жобаны іске қосты. Бригаданың қозғалысын картада браузер арқылы немесе Яндекс Go қосымшасында бақылауға болады. Бұл шешім диспетчерлерге түсетін жүктемені едәуір азайтуға тиіс.

Шақыру түскен сәтте жүйе өтініш берушіге интерактивті карта сілтемесі бар SMS-хабарлама жібереді. Браузерде картаны ашу арқылы пайдаланушы JavaScript API негізіндегі Яндекс Карт технологиясының көмегімен жедел жәрдемнің бағытын нақты уақытта бақылай алады.

«Яндекс Карт API технологиялары жедел жәрдем жұмысын оңтайландыру сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге көмектесіп жатқанына қуаныштымыз. Бригаданың қозғалысын нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін шешімнің негізінде біздің JavaScript API өніміміз жатыр. Біздің технологиялар өмірді сақтап қалуға көмектесетін инфрақұрылымның бір бөлігіне айналғанына мақтанамыз», — деді Яндекс Карт API-інің ТМД бойынша бизнесті дамыту директоры Асылхан Баймағанбетов.

Егер пайдаланушының смартфонында Яндекс Go қосымшасы орнатылған болса, ол push-хабарлама алады және сол жерден бригаданың қайда келе жатқанын, сондай-ақ күтілетін келу уақытын көре алады. Бұл ақпаратты қолданба арқылы жақын туысына да жіберуге болады.

Астана қаласы жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, диспетчерлер тәулігіне 6000-ға дейін кіріс қоңырауды қабылдайды, олардың 40%-ы — бригаданың келу уақытын сұрайтын қайталанған өтініштер. Яндекс Карт API негізінде әзірленген автоматтандырылған ақпараттандыру жүйесі мұндай қоңыраулардың санын азайтып, ресурстарды жаңа шақыруларды өңдеуге бағыттауға мүмкіндік береді.

Алғашқы кезеңде бұл функция Астана қаласындағы кейбір шақыруларға қолжетімді болады. Маусым айында бұл қызмет толықтай іске қосылады, ал жыл соңына дейін оны бүкіл ел бойынша барлық шұғыл шақыруларға енгізу жоспарлануда.

«Жедел жәрдем бригадасының қозғалысын көру мүмкіндігі — технологиялардың ашықтықты қамтамасыз етіп, шақыртушының уайымын азайтып, диспетчерлерге түсетін жүктемені төмендететінінің жарқын мысалы. Сонымен қатар, цифрлық хабарламалар бригаданың келуіне дайындалуға көмектеседі: мысалы, ауланың шлагбаумын ашу немесе пациенттің құжаттарын дайындау сияқты», — деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.

Астана қаласының жедел жәрдем қызметін жаңа қызметпен техникалық интеграциялау жұмыстарын IT Space және 7Generation компаниялары жүзеге асырды.

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі барлық азаматтар үшін медициналық көмектің сапасын, қолжетімділігін және жеделдігін арттыру мақсатында цифрлық шешімдерді денсаулық сақтау жүйесіне енгізуді жалғастырады.

TSARKA қолдауымен