Барлық мемлекеттік қызметтерді неге бір eGov Mobile қосымшасында біріктіру жоспарланып отыр
Цифрландырудың басты мақсаты — азаматтар мен бизнеске мемлекеттік қызметтерді мүмкіндігінше ыңғайлы ету. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун айтты.
Оның сөзінше, қазір әр түрлі мемлекеттік органның оннан астам жеке мобильді қосымшасы бар, сондықтан азаматтар олар туралы білуге, маркетплейстен іздеуге және әрқайсысын қолдануды үйренуге уақыт жұмсайды.
«Егер бізде азамат немесе кәсіпкер мемлекеттік органдардың барлық сервистерін таба алатын бір ғана қосымша — eGov Mobile болса, бұл процесті айтарлықтай жеңілдетеді. Біз eGov Mobile-ды барлық жаңа сервистер жарияланатын App Store-ға ұқсас маркетплейс ретінде жасағымыз келеді», — деді Мун.
Бұл тәсіл, оның айтуынша, біркелкі дизайнды, ыңғайлы іздеуді және цифрлық қызметтердің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.
Мун атап өтті, барлық қосымшалар eGov Mobile-дің ішінде жасалмайды, тек басқа мемлекеттік органдардың сервистеріне апаратын сілтемелер арқылы интеграцияланады.
«Бұл пайдаланушыға ыңғайлылық береді, бірақ деректердің қауіпсіздігіне әсер етпейді. Әр мемлекеттік орган өз жүйесі мен инфрақұрылымы үшін жауапты болып қала береді. eGov Mobile тек соларға сілтемелерді біріктіреді», — деп түсіндірді ол.
Деректердің ағып кету қаупі туралы сұраққа жауап бере отырып, вице-министр жеке қосымшалардың ақпараттық қауіпсіздігі олардың өздерімен қамтамасыз етілетінін нақтылады:
«eGov Mobile — бұл өз ақпараттық қауіпсіздігі мен деректер базасы бар жеке қосымша. Егер eGov Mobile-дың ішінде, мысалы, “е-ноториатқа” сілтеме орналастырылса, бұл сол сервистің барлық инфрақұрылымы мен әзірлемесі eGov Mobile-дың ішінде дегенді білдірмейді. Ол — Әділет министрлігінің жүйесі. Оның ақпараттық қауіпсіздігі толығымен солардың жауапкершілігінде. Біз басқа мемлекеттік органдардың сервистеріне сілтемелер жариялауды жалғастырсақ та, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан ешқандай өзгеріс болмайды», — деді ол.