Басты рөлді Zheka Fatbelly сомдаған "Малай" атты отбасылық комедияның тизері шықты

Unico компаниясы мен Қазақфильм киностудиясы жаңа отбасылық комедияның тизерін ұсынады. “Малай”жобасы халықаралық “Холоп” франшизасының ресми адаптациясы. Осылай халықаралық “малайлар” қатары толықты. Енді Zheka Fatbelly (Жеңіс Омаров) Милош Бикович пен Серкан Болатпен бір сапқа тұрады. Ол фильмде есірген бай баласының рөлін сомдады.

Тизерде көретініңіздей Жекаға, дәлірек айтқанда ол сомдаған кейіпкер Чинаға оңай соқпайды, себебі ол қайта тәрбилеудің ұзақ жолынан өтуі тиіс. Олигарх әкесі ұлына өмірлік сабақ беру үшін өзгелерден бөлек психологпен бірігіп, ерекше тәжірибе жүргізеді. Солай мажор бір сәтте өткен заманның қазақ ауылындағы малайға айналады. Бұл Чинаның дұрыс жолға түсуіне көмектесе ме? Дәл осы сұрақ жоба авторларымен тизерде талданады. 

Видеодан 19-ғасырдағы қазақ ауылының әсем жерлері мен сол кезеңге сай образдағы кейіпкерлерді көруге болады. Бұл туынды Жека Fatbelly үшін маңызды болуы әбден мүмкін, себебі бұл оның фильмдегі алғашқы басты рөлі.

“Маған бірнеше рет киноға түсу туралы ұсыныс түсті, бірақ мен олардан бас тарттым. Осыған дейін мен бір ерекше жобаны күткендей болдым. Бұл фильмде бәрі үйлесе кетті – басты рөл, қызықты кейіпкер, жақсы команда. Сонымен қатар, бұл халықаралық “Холоп” франшизасының үлкен әрі табысты адаптациясы. Осыған дейін Франция, Моңғолия, Түркияда таралған франшиза енді Қазақстанда жарық көрмек. Бұл жобада продюсерлердің бірі – Бексұлтан Қазыбек, бұл да менің сенімділігімді арттырды. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, мен де мүмкіндікті сынап көру керек деп шештім”, – деп пікір білдірді Жеңіс Омаров

Фильмнің режиссері – Ернар Нұрғалиев, “Жаным, ты не поверишь!”, “Хотя бы кинода 2”, “Жездуха”, “Келінжан” фильмдерімен танымал. Оның бұған дейін де тәжірибесі болғанымен, “Малай” Ернар мен оның командасы үшін үлкен сынақ болды. Себебі олардың алдында халықаралық франшизаны қазақ аудиториясы мен ұлттық менталитетті ескере отырып бейімдеу міндеті тұрды.

“Егер басқа елдердегі “Холоппен” салыстырсақ, онда біздің фильмде 18+ әзілдердің басым бөлігі жоқ, біз қазақтың менталитеті мен әзілін ескердік. Сондай-ақ, басты кейіпкеріміздің сыртқы түр-келбеті басқа, бұл көрерменнің қабылдауына әсер етеді. Бізде көп “халықтық” юмор бар, кейде қатаң әзілдер, менің стиліммен таныс болғандар бәрін түсініп, көреді деп ойлаймын.” – деп атап өтті Ернар Нұрғалиев.

Фильм көптеген танымал тұлғалардың түсуімен де ерекшеленеді. Тизерде Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахмет, Жандарбек Садырбаев, Ермек Шынболатов, Аида Курмангалиева (Мона), Сабина Мовлаева, Хамит Ердехан және басқа да актерлерді «Малайдан» көре аласыз. Фильм Unico компаниясы мен Қазақфильм киностудиясының бірлескен жұмысы. Продакшн жұмыстарымен JKS Entertainment айналасты. Ал серіктес студиялар 1ON және Art Dealers. 

Тұсаукесер 2025 жылдың наурыз айына жоспарланған. Барлық жаңалықтар мен ақпарат @malay_film парақшасында жарияланады.

TSARKA қолдауымен