Бірыңғай цифрлық платформа: Еңбек министрлігі мемлекеттік қолдауды бөлудің жаңа тәсілін сынақтан өткізуде
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын Бірыңғай цифрлық платформа арқылы үлестірудің жаңа моделін пилоттық режимде енгізуді бастады. Жаңа жүйе әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қамтып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, тиімділігін және нысаналы бағыттылығын арттыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді. Пилоттық жоба Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асырылуда.
Жоба аясында 36 мемлекеттік мекемеде – отбасын қолдау орталықтары, спорт және арнайы мектептер, балалар үйлері, оқушылар сарайлары мен ерте араласу орталықтары – персоналдың жұмыс процестері толық цифрландырылды. Барлық құжат айналымы, есеп және мониторинг Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесіне біріктірілген деректер базасына жинақталады.
Сондай-ақ әкімдіктер жанынан құрылған мобильді топтардың жұмысын үйлестіруге арналған мобильді қосымша іске қосылды. Бұл топтарға білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер, пробация қызметі және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Жалпы алғанда, жобаға 2,6 мың маман қатысуда. Қосымша қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға көмек көрсету бойынша жұмыстарды бақылауға және ведомстволар арасында жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Отбасын қолдау орталықтары үйлестіруде басты рөл атқарады – олар қауіп-қатерлерді ерте анықтаумен, отбасылық проблемалардың алдын алумен және кешенді көмекті ұйымдастырумен айналысады.
Платформа арқылы пилоттық іске қосылған сәттен бастап 2,1 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінде шамамен 400 өтініш өңделу үстінде, қалғандары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді. Басқа жүйелермен интеграцияның арқасында ұсынылған шаралардың толықтығы мен кешенділігі бағаланып, төлемдердің қайталануын болдырмауға және тиімділігін арттыруға жол ашылады.
Бұдан бөлек, жоба аясында білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларындағы 11 мемлекеттік қызмет ЕЦП арқылы көрсетіледі.
Жобаның негізгі элементтерінің бірі – үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығын бағалауға арналған скорингтік модель. Отбасылар алты санатқа бөлінеді: аса мұқтаж (мысалы, азық-түлікке қаражат жетіспеуі) санатынан бастап материалдық қиындықтары жоқ жоғары әл-ауқат деңгейіне дейін. Бұл модельдің басты мақсаты – ресурстарды шынымен мұқтаж азаматтарға қайта бөлу, алтыншы санаттағы азаматтарға қолдаудан бас тартуды қоса алғанда.
Жоба әзірлеушілерінің пікірінше, ЕЦП-ны қолдану мемлекеттік көмектің ашықтығын, тиімділігін және дәл бағытталуын арттырып, әлеуметтік әділдікке негізделген жаңа жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның сәтті болуы жағдайында, бастама елдің басқа өңірлеріне де кеңейтілуі мүмкін.