Біз өзі не жеп жүрміз? Бұдан былай еттің сапасын QR-код арқылы тексере аласыз
Ет сататын орындарда бұдан былай өнімнің сапасы туралы ақпарат QR-кодта сақталады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай жоба ұсынып отыр.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл жоба жануарларды тексеріссіз сойып сатудың және сапасыз өнімдерді халыққа таратудың алдын алады.
Бүгінгі таңда QR-код барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылған.
Яғни, кез келген ет сататын орындарда QR-кодты теру арқылы сіз сатып алып жатқан өніміңіздің қауіпсіз екеніне көз жеткізе аласыз.
“Қазіргі таңда жоба іске қосылып, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеуде. Оған 1664 мал сою орны, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары, сауда орындары қосылған. Жүйеде 1470-тен астам ветеринар, Ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының қызметкері және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар тіркелген”, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жоба Ресеймен шекаралас Шарбақты ветеринарлық бақылау пунктінде сынақтан сәтті өткен.
TSARKA қолдауымен