БЖЗҚ-да ЖИ негізіндегі биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді

Astana Hub-тың қатысушысы Biometric.Vision Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жасанды интеллектке негізделген биометриялық сәйкестендіру және онлайн-верификация жүйесін енгізді. Жоба өндірістік пайдалану үшін іске қосылып, қор салымшылары үшін жеке тұлғаны растау процесін бұрынғыдан да жылдам, ыңғайлы әрі қауіпсіз етті.

Biometric.Vision әзірлеген IT-шешім БЖЗҚ клиенттерін сәйкестендіру үрдісін толықтай автоматтандырып отыр. Енді азаматтарға жеке басын растау үшін тек смартфон немесе компьютер жеткілікті, яғни пайдаланушы бірнеше қадамнан өткен соң онлайн рәсімдеуден өте алады. Аталған технология үш негізгі құралды біріктіреді: Liveness Detection – камера алдында сурет немесе бейнежазба емес, шынайы адам тұрғанын анықтайды. Document Recognition – жеке куәліктегі мәліметтерді оқиды және тексереді. Face2Face Detection – селфиді құжаттағы фотомен салыстырып, тұлғаны ауыстыруға жол бермейді. Осылайша, көрсетілетін қызмет қазақстандықтар үшін сенімді әрі қолжетімді болып, жинақтаушы зейнетақы қоры алаяқтық тәуекелін барынша азайтады.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қызмет көрсету – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл сала маңызды әрі сезімтал квазимемлекеттік институттардың бірі болып саналады. Біздің өнім Қордың жоғары талаптарына сәйкес келетініне қуаныштымыз. Бізге артылып отырған сенім платформамыздың сенімділігін, дәлдігін және жетілгендігін айқындайды», – деді Biometric.Vision компаниясының бас директоры Әлібек Нарымбай.

Biometric.Vision қазақстандық стартаптан бастап кемелді технологиялық бизнеске және сенімді серіктеске дейінгі жолды жүріп өтті. IT-шешімдердің жергілікті компаниялармен әзірленуінің басты артықшылығы – деректер Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталып, техникалық қолдау да ел ішінде жүзеге асырылады. Бұл дербес деректерді қорғау жөніндегі ұлттық заңнама талаптарына толық сәйкес келеді. Жобаның жүзеге асуы БЖЗҚ мен Biometric.Vision арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі болды.

TSARKA қолдауымен