ChatGPT, Python және деректерді талдау: қазақстандықтар жаппай IT саласына бет бұруда
2025 жылдың басынан бері Қазақстанның 80 мыңнан астам азаматы IT және жасанды интеллект (AI) саласындағы негізгі бағыттар бойынша оқуға қатысты. Astana Hub Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан тегін білім беру бағдарламалары заманауи IT-дағдыларды үйрету және болашақ экономикасына қажетті мамандар даярлау ісінде мемлекеттік саясаттың маңызды құралына айналды.
Оқыту бағдарламалары тәжірибеге негізделіп, бағдарламалау, деректерді талдау, жасанды интеллект және басқа да маңызды бағыттарды қамтыды. Курстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Олар жолын енді бастағандар мен тәжірибелі мамандарға, яғни дайындығы әртүрлі деңгейдегі қатысушыларға арналған. Ең үлкен қызығушылық тудырған бағыт – AI, бұл қоғамдағы заманауи цифрлық дағдыларға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.
Lerna және Skillbox-пен әріптестікте әзірленген «ЖИ негіздері: ChatGPT» курсына 165 785 қолданушы тіркеліп, оның ішінде 80 322 адам оқуды сәтті аяқтады. Екі тақырыптық бөлімнен және 51 бейнесабақтан тұратын бұл курс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Курсты кез келген уақытта өтуге болады, ал барлық материал қатысушыда сақталады. Олар нейрожелілерді күнделікті өмірде және жұмыста тиімді қолдануды, сұраныстарды дұрыс құрастыру мен тапсырмаларды автоматтандыру дағдыларын меңгереді.
Биыл наурызда іске қосылған QazCodersбағдарламасы да айтарлықтай нәтиже көрсетті. Қысқа мерзім ішінде 2 657 адам оқуды бастап, олардың 1618-і «AI негіздері» бағытын таңдаса, бүгінге дейін 348 қатысушы сертификат алды. Курстар Udacity платформасында өтіп, әрқайсысының ұзақтығы 6–8 аптаға созылады. Қатысушыларға менторлар мен техникалық мамандардан, сондай-ақ AI-көмекшіден қолдау көрсетіледі. QazCoders аясында бағдарламалау, деректерді талдау және Android әзірлеу бойынша курстар да бар. Бағдарлама Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тәжірибе алмасу және даму ынтымақтастығы аясында әзірленді.
Деректермен жұмыс істеудің базалық дағдыларына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Яндекс Практикум әзірлеген «Деректерді талдау және Python негіздері» онлайн курсына 1 000-нан астам қолданушы тіркелді. Бұл бағдарлама небәрі бір ай бұрын іске қосылғанымен, қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Жалпы ұзақтығы 10 сағатты құрайтын курс теориялық модульдерден, тесттерден және төрт практикалық кейстен тұрады. Оқыту барысында білім алушыларға YandexGPT нейрожелісі көмектеседі. Бұл – цифрлық дағдыларды ана тілінде үйренуге жол ашатын маңызды бастама және Яндекс Практикумның қазақстандық аудиторияға бейімделген алғашқы бағдарламасы.
Astana Hub-тың білім беру бастамалары адам капиталын дамыту және технологиялық сауаттылықты арттыру ісінде маңызды рөл атқарады. 2029 жылға дейін ұлттық AI Movement бастамасы аясында 1 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына оқыту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жету жолында Tomorrow School, AI People және AI’preneurs секілді бағдарламалар да IT-білімді қолжетімді ете түсті.
Барлық бағдарлама мен курстар туралы толық ақпаратты Astana Hub мобильді қосымшасындағы AI Movement бөлімінен (App Store және Google Play) таба аласыз.