eGov Mobile-ға 5 жыл: мемлекеттік қызметтер мен сервистер смартфон ішінде
Жаңартылған eGov Mobile мобильді қосымшасы іске қосылғаннан бері бес жыл өтті. Бүгінде әрбір екінші қазақстандық eGov Mobile қолданушысы болып табылады және бұл қосымша ай сайын шамамен 4 миллион пайдаланушыға мемлекеттік қызметтерді көрсетеді.
Қосымшаның алғашқы нұсқасы 2012 жылы іске қосылып, mGov деп аталған болатын. Онда мекенжай анықтамасын, зейнетақы анықтамасын, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы және жүктемелері туралы анықтаманы алу, сондай-ақ айыппұлдарды, салықтарды және мемлекеттік баждарды төлеу сияқты электрондық мемлекеттік қызметтер енгізілді. 2019 жылға қарай mGov қосымшасы халыққа шамамен 70 қызмет пен сервисті ұсынды.
2019 жылы өнімнің ребрендингі жүзеге асырылып, мобильді электрондық үкімет қосымшасы дизайнын жаңартып, сол уақыттан бері барлыққа белгілі eGov Mobile ретінде ұсынылды. Негізгі сәттердің бірі 2020 жылы биометриялық сәйкестендіруді енгізу болды, бұл пандемия кезінде де мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді азайтуға көмектесті.
Жаңартылған мобильді қосымшаға 5 жыл ішінде пайдаланушылар саны 15 есе өсті, және қазіргі уақытта eGov Mobile арқылы мемлекеттік қызметтер мен сервистердің 90%-ын алуға болады. Мысалы, ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 4 миллионға дейін өсті, ал күнделікті белсенділер саны 190 мыңнан асты. eGov Mobile-де қазір 208 мемлекеттік қызмет және e-license порталында жеке тұлғаларға арналған 759 түрдегі қызметтер, сондай-ақ eGov Business-те 34 қызмет қолжетімді.
Енді қосымша арқылы физикалық құжаттарды алып жүрудің қажеті жоқ, себебі «Цифрлық құжаттар» сервисінің арқасында қазақстандықтар өз құжаттарының цифрлық нұсқасын 13 миллионнан астам рет пайдаланды. Кейіннен бұл сервис азаматтардың ыңғайлылығы үшін танымал банктік қосымшаларға да интеграцияланды.
Сонымен қатар, eGov Mobile-дің технологиялық шешімдерінің бірі – QR-код арқылы ЭЦҚ алу және құжаттарға қол қою мүмкіндігі. Бүгінгі күнге дейін бұл әдіспен шамамен 9 миллион рет қол қойылған және бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсуде.
Бүгінде eGov Mobile мобильді қосымшасы App Store, Play Market және HUAWEI AppGallery дүкендерінде жүктеп алу үшін қолжетімді және iOS пен Android мобильді құрылғыларында жұмыс істейді. iOS базасындағы eGov Mobile қолданушыларының саны 3,6 миллионнан астам, Android-та 5,1 миллионнан астам, ал HUAWEI платформасында 850 мыңнан астам пайдаланушыны құрайды.
2024 жылдың шілде айында мобильді электрондық үкіметтің жаңа компоненті – кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасы ұсынылды. Мобильді қосымшаны дамытудың арқасында шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтер мен сервистерді өз смартфондары арқылы пайдалана алады. Осылайша, eGov Business қолданушылары заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеу, ЭЦҚ шығаруға өтінім беру, құжаттарға QR арқылы қол қою және тағы да басқа қызметтерді бірнеше рет басу арқылы жүзеге асыра алады.
Бүгінде eGov Mobile мобильді қосымшасы мемлекеттік органдардың сервистеріне арналған алаңға айналды. eGov Mobile азаматтардың мемлекетпен өзара әрекеттесуіне арналған маңызды құрал болып табылады және пайдаланушылар тарапынан өсіп келе жатқан қызығушылық пен сенімді дәлелдейді. Алда көптеген инновациялар күтіп тұр, және НИТ командасы өз мақсаттарына сенімді қадам жасап келеді – мемлекеттік қызметтерді әрбір қазақстандық үшін барынша қолжетімді және ыңғайлы ету.