eGov Mobile мобильді қосымшасында «Таза Қазақстан» сервисі пайда болды

Ел азаматтары үшін eGov Mobile мобильді қосымшасында «Таза Қазақстан» жаңа сервисі іске қосылды. Яғни, кез келген азамат смартфонның көмегімен өз қалаларындағы абаттандыру және экологиялық мәселелерді тікелей хабарлай алады.

Ол үшін eGov Mobile қосымшасындағы «Таза Қазақстан» сервисіне өту керек. Пайдаланушылар түрлі проблемаларды фотосуретке түсіріп, оған нақты жауап алу үшін тиісті мекемелерге сұрау салуы қажет.

Өтінім берілгеннен кейін барлық ақпарат тиісті органға түседі. Ал олар өз кезегінде мәселені шешу жолдарын қарастыруы тиіс. Орындаушыға жүктелгеннен кейін жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша олар  фотосуретпен және түсініктемемен кері байланысқа шығады. Ал өз кезегінде пайдаланушы мәселенің қаншалықты дұрыс шешілгенін көре алады.

Айта кетейік, сервис іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар https://tazaqazaqstan.kz/ сайты және @TazaQazBot телеграм-боты арқылы 1500-ден астам өтінім берген.

 TSARKA қолдауымен