eGov порталы 24/7 бойы киберқауіпсіздік тұрғысынан тексерілетін болады

Қазақстанның электрондық үкімет порталының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру енді тәулік бойы жүргізілетін болады. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев хабарлады.

Оның айтуынша, бұрын мұндай тексерулер жылына бір рет қана өткізілетін, алайда жаңа тәсіл осалдықтар мен тәуекелдерді үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Мусалиевтің мәліметінше, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру аясында барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелерге талдау жүргізілуде, ал жаңа мобильді қосымшаларды әзірлеу уақытша тоқтатылған. Енді мемлекеттік органдардың барлық қосымшалары цифрлық штаб шешіміне сәйкес тек eGov және Aitu платформаларында орналастырылатын болады.

«Біртұтас “Kaztech” платформасы енгізілді. Барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер осы негізде әзірленеді. Бұл әзірлеу шығындарын азайтып, процесті жеңілдетіп, киберқауіпсіздік деңгейін арттырады. Енді қауіпсіздік тексерісі тәулік бойы — 24/7 режимінде жүргізіледі», — деді вице-министр.

Сондай-ақ ол “Kaztech” базасындағы алғашқы жүйе 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылатынын атап өтті. Жобаны енгізу кезең-кезеңімен, ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.

TSARKA қолдауымен