Game of Drones: қазақстандықтар нақты техникамен басқарылатын әлемдегі алғашқы ойынды іске қосты
Қазақстандық Game of Drones стартабы интернет арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен шын дрондарды басқаруға мүмкіндік беретін бірегей киберспорттық онлайн-ойынды ұсынды. Бета-тестілеуге 23 елден 10 000 ойыншы қатысса, бүгінде жоба жаңа деңгейге шығып, Android жүйесінде ресми түрде іске қосылды.
Енді кез келген адам онлайн-геймингтің жаңа форматын сынап көре алады. Ойыншылар ғалам торабы арқылы қолданыстағы дрондарды, танкілерді, роботтарды және радио арқылы басқарылатын көлікті қашықтан басқарады. Ойын жарыстары жабдықталған трассаларда өтсе, арнайы камералар бейнені бірінші жақтан таратып, рөлде отырғандай әсер сыйлайды.
Game of Drones стартабы жай ойын ғана емес, сонымен қатар қорғаныс саласында техниканы қашықтан басқаруға арналған симулятор ретінде қарастырылады. Әскерилер елдің кез келген жерінен телефон немесе компьютер арқылы дрондарға қосылып, оларды басқаруды үйреніп, командалық шайқастарға арналған оқу-жаттығу жарыстарын өткізе алады.
2023 жылы стартап Defence Tech Battle атты стартаптар сайысында «Қорғаныстағы революциялық шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл байқауда озық қорғаныс технологиялары бақ сынады. Сонымен қатар жоба Jas Ventures қорынан $100 мың инвестиция тартып, Ғылым қорының $750 мың көлеміндегі грантын иеленді.