Hero Training қорытындысы: қазақстандық стартап «Draper University 2024 үздік командасы» атағын алды
Astana Hub алаңында Draper University-мен серіктестік аясында жүзеге асырылатын Hero Training бағдарламасының үшінші легі қорытындыланды. 5 апталық акселерациядан өткен стартаптар өз өнімдерін жетілдірумен қатар, БАӘ, Қырғызстан және басқа елдермен серіктестік байланыстарын нығайтып, АҚШ нарығында келісімдер жасасты.
Биыл бағдарламаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен 49 стартап өтінім берді. Алғашқы іріктеу кезеңі мен онлайн диагностикадан кейін үздік 10 жоба таңдалды. Қорытынды кезеңге шыққан стартаптар арасында қазақстандық Outpeer, Beksar, BULT, BeyimTech, AMAN, Oqylyq, Ecodata, Pwron.ai, Q-send және қырғызстандық Onbir.app стартаптары бар.
Үшінші лек финалистері Кремний алқабындағы жетекші сарапшылардың менторлығымен жоғары нәтижелер көрсетті. Олар бірнеше воркшоптарға қатысып, Survival Week сынағы барысында экстремалды жағдайда өмір сүру және жылдам шешім қабылдау дағдыларын игерді.
Айта кетейік, тарихта алғаш рет Қазақстаннан шыққан BeyimTech компаниясы Hero Training бағдарламасында бірінші орын иеленіп, 26 елден келген 70 қатысушының арасынан «Draper University 2024 үздік командасы» атағын алды.
Қазақстандағы алғашқы цифрлық және физикалық қауіпсіздік қызметін ұсынушы – AMAN жобасы бірнеше гипотезаны сынап көріп, АҚШ нарығына шығуға қажетті құнды ақпарат жинады.
Блокчейн негізінде ақша аударымдарын жасауға арналған платформа Q-Send, АҚШ және Қырғызстан компанияларымен серіктестік орнатты, ал бұл өз кезегінде компанияға осы нарықтарда бизнесін дамытуға мүмкіндік береді. Ал бизнес-процестерді автоматтандыру және мәліметтерді талдау үшін жасанды интеллектіні қолданатын стартап – Pwron.ai АҚШ нарығында кастдевтер өткізіп, Қазақстанда бір жылдық келісімшартпен алғашқы мәміле жасасты. Бұған қоса, стартап Майами нарығында сату туралы келісімге қол қойып, басқа нарықтарды бағындыру мүмкіндіктеріне ие болды.
Hero Training бағдарламасы венчурлық капиталист Тим Дрейпер негізін қалаған, MVP және одан жоғары деңгейдегі дайын өнімдері бар технологиялық стартаптарға бағытталған. Ол қатысушыларға тәжірибелі технологиялық кәсіпкерлер мен Draper Ecosystem сарапшыларының жетекшілігімен жылдам масштабталуға және АҚШ нарығына шығуға бірегей мүмкіндіктер ұсынады, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторлар мен серіктестермен байланысуға жол ашады.
Эксклюзивті акселерациялық бағдарлама мен бірінші, екінші лек қатысушылары туралы толығырақ ақпаратты Astana Hub платформасынан табуға болады.