Huawei «Самұрық-Қазына» қорына цифрлық трансформацияны жүзеге асыруға көмектеседі
2025 жылғы 16 маусымда Астанада Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай басшыларының Екінші саммитіне орай ұйымдастырылған «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастығының Екінші форумы өтті. Бұл форум – аймақ елдері мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және Орталық Азия мен ҚХР компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған бейтарап диалог алаңы болды.
Форум аясында Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры цифрлық трансформация және телекоммуникациялық инфрақұрылым салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізін қалайтын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Аталған келісім заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ), соның ішінде 5G желілерін, «ақылды қалалар» шешімдерін, жасанды интеллектіні (ЖИ), бұлтты платформаларды және энергия үнемдейтін цифрлық жүйелерді енгізуге бағытталған. Бірлескен жобалар Қазақстан азаматтарының өмір сапасын жақсартуға және энергетика, көлік, денсаулық сақтау сияқты экономиканың негізгі салаларын дамытуға ықпал ететін болады.
Меморандум аясында негізгі ынтымақтастық бағыттары мынадай:
• Цифрлық платформалар мен бұлтты шешімдерді әзірлеу және енгізу• Азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатында 5G желілері мен «ақылды қалалар» жүйесін дамыту• Стартаптар мен инновациялық жобаларды акселерациялық бағдарламалар мен IT-зертханалар арқылы қолдау• Цифрлық технологиялар саласындағы дағдыларды дамытуға бағытталған білім беру бастамалары
Сонымен қатар тараптар тәжірибе алмасу, технология трансфері және Қазақстандағы цифрлық трансформацияға халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға уағдаласты.
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және екі жыл мерзімге есептелген. Тараптар болашақта да өзара жобалардың аясын кеңейтіп, ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.