Еуразиялық банк алғаш рет тұрақты даму туралы есепті ұсынды

Еуразиялық банк өзінің тарихында алғаш рет 2023 жылға арналған тұрақты даму туралы есепті жариялады. Құжат Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) ұсыныстарына және Global Reporting Initiative (GRI) халықаралық стандарттарына сәйкес дайындалған.

«Еуразиялық банктің тұрақты даму туралы есебі» – бұл банктің жұмысына тұрақты даму қағидаттарын интеграциялау жолындағы маңызды кезең. Есепте біздің ESG саласындағы алғашқы қадамдарымыз сипатталып, тұрақты даму банктің корпоративтік ДНҚ-сының ажырамас бөлігіне айналуы үшін қойылған мақсаттарымыз бен негіздеріміз көрініс тапқан», – деп түсініктеме берді Еуразиялық банктің басқарма төрайымы Ләззат Сатиева.

Құжатта банктің тұрақты дамудың әртүрлі бағыттарындағы жетістіктері, сондай-ақ іске асырылған жобалар мен орта мерзімді перспективаға арналған жоспарлар туралы толық ақпарат берілген.

Бүгінде Еуразиялық банк өзінің қызметі қоршаған орта мен қоғамға оң әсер етуіне тырысады. Банктің портфеліндегі көміртегі шығарылымы жоғары салалардың үлесі 6%-дан аспайды, соған қарамастан, осы салалардағы көптеген клиенттер ESG тәжірибелерін өз қызметтеріне белсенді түрде енгізіп жатыр.

Есептік жылы банк 1 және 2 облыстар бойынша (SCOPE 1 және SCOPE 2) тікелей және жанама энергетикалық шығарындыларды да есептеді. Бұл шығарындылардың кіріске қатысты қарқындылығы 0,0178 СО2-экв./млн теңгені құрады, бұл банктік сектор үшін төмен көрсеткіш болып саналады.

Сондай-ақ банктің қоршаған ортаға тигізетін өз әсері де бақылауда. «Жасыл кеңсе» тұжырымдамасы аясында банк жыл сайын қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, ресурстарды пайдалануды оңтайландыруда.

Банк жауапты қаржыландыру қағидаттары мен тәсілдерін белсенді түрде енгізуге тырысады, бұл өзекті экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін өнімдер мен қызметтерді жасауға мүмкіндік береді. Masterсard компаниясымен бірлесіп, банк Қазақстандағы жалғыз қайта өңделген пластиктен жасалған экокартаны шығарып, экологиялық бағытта алғашқылардың бірі болды. Транзакциялардан алынған «жасыл» бонустардың бір бөлігі ағаш отырғызуға және қалдықтарды қайта өңдеуге арналған экологиялық қорға аударылады. Экокарта PLUS Award сыйлығымен марапатталды.

Әлемдегі үздік тәжірибелерді ұстана отырып, Еуразиялық банк электромобильдер сатып алуға арналған жасыл несиелер беруді бастады, деп көрсетілген есепте. Мұндай көліктердің сатылымдарының өсу динамикасы жаһандық трендтерге сәйкес келеді – соңғы екі жылда елімізде осындай көліктердің саны айтарлықтай өсті.

Есепте сонымен қатар банктің білім беру, денсаулық сақтау, экология, мәдениет және өнер сияқты салалардағы қайырымдылық жобаларына әлеуметтік инвестициялары егжей-тегжейлі баяндалған. Бұған қоса, банк қызметкерлерді дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөледі, бұл кәсіби өсу бағдарламаларын, оқыту және жайлы жұмыс жағдайларын жасауды қамтиды.

Ұзақ мерзімді перспективада Еуразиялық банк тұрақты даму саласында көшбасшы банктердің бірі болуды жоспарлап отыр, жасыл экономиканың және әлеуметтік әл-ауқаттың дамуына белсенді түрде ықпал етуді көздейді.

Ләззат Сатиеваның айтуынша, қазіргі уақытта ESG стратегиясы толық іске қосылуға дайындалуда. Оның мақсаты – БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін банктың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген тиімді механизмін құру.

2023 жылға арналған тұрақты даму туралы толық есеппен Еуразиялық банктің ресми сайтындағы сілтеме арқылы танысуға болады.

TSARKA қолдауымен