Жасанды интеллект Қазақстанның авиация саласының бір бөлігіне айналады
Үкімет отырысында авиация саласына цифрлық технологияларды енгізу мәселесі талқыланды. Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун цифрландырудың қазіргі жағдайы туралы баяндама жасап, IT-компаниялар жолаушылардың жайлылығын арттыруға және авиакомпаниялардың кірісін ұлғайтуға бағытталған әзірлемелерін ұсынды.
Көлік министрлігі мен Цифрлық даму министрлігіне авиация саласындағы бизнес-процестерді жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалана отырып автоматтандыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Жолаушыларға арналған жаңа цифрлық сервистер
IT-индустрия өкілдері борттағы сауда мен ойын-сауыққа арналған бағдарламалық-аппараттық кешенді таныстырды. Ол медиа-серверді, веб-қосымшаны және жолаушылар мен бортсеріктерге арналған платформаларды қамтиды. Бұл шешім бортында ойын-сауық жүйесі жоқ авиакомпанияларға интернетке қосылусыз портативті платформаны іске қосуға мүмкіндік береді.
Жолаушылар келесі мүмкіндіктерге ие болады:
● Тамақ, сусындар мен тауарларға тапсырыс беру
● Қызметтерді брондау
● Рейс туралы өзекті ақпарат алу
● Жеке ұсыныстарды пайдалану
Платформа қазірдің өзінде авиакомпаниялардың жүйелерімен біріктірілген, ал пилоттық іске қосу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, сауда процестерін автоматтандыруға баса назар аудара отырып, кейтерингтік компанияларға арналған ұқсас өнім әзірленуде. Бұл шешімді ТМД және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығару жоспарлануда.
Қазақстандық әзірлемелерге басымдық беру
Премьер-министр Олжас Бектенов IT-шешімдердің халық арасында сұранысқа ие екенін атап өтіп, қазақстандық әзірлеушілерге қолдау көрсетуді тапсырды.