IT саласында интеллектуалдық меншікті қорғау

Бүгінде IT-компаниялардың басты капиталы — идея мен код. Бірақ дәл осы дүниелер көбіне ең осал және оңай ұрланатын дүние саналады. Интеллектуалдық  меншікті қалай қорғауға болады? Осы сұрақ төңірегінде Sergek Group-тың заң жөніндегі директоры Нұрсұлтан Сүлейменовпен сөйлестік. Ол интеллектуалдық меншік саласында он жылдан астам еңбек етіп жүрген тәжірибелі заңгер. 

— IT-компаниялар үшін интеллектуалдық меншікті қорғау неге аса маңызды?

Себебі IT-бизнес бұл идеяға негізделген бизнес. Мұнда ең құндысы темір де, құрылғы да емес. Код, интерфейс, алгоритм, дизайн, дерекқор архитектурасы, бренд — барлығы материалдық емес активтер. Яғни, көзге көрінбейтін, бірақ компанияның нақты құнын анықтайтын дүниелер. Ал идеяны ұрлау оңай. Біреу кодты көшіріп алады, енді беруі сіз ойлап тапқан шешімді бірінші нарыққа шығарды не де болса сіз бәсекеде ұтылуыңыз мүмкін.

Біз Sergek Group-та бұл мәселемен 2017 жылдан, Қазақстан нарығында бұл әлі кең тарамаған кезден айналыса бастадық. Біз үшін бұл тек заң талаптарына сай болу емес, ең алдымен сенімділік пен тұрақтылық кепілі. Себебі біздің өнімдер қоғамдық қауіпсіздік, интеллектуалды көлік жүйелері мен мемлекет пен қоғам мүддесі үшін жүргізілетін талдаулар сияқты өте жауапты салаларда қолданылады. Осы салаларда құқықтық қорғау болмаса ұзақмерзімді даму туралы айтудың өзі қиын.

— Бағдарламалық жасақтама мен IT-өнімдерді қорғаудың негізгі жолдары қандай?

1. Авторлық құқық. Авторлық құқықтарды еңбек немесе азаматтық келісімшарттар арқылы рәсімдеңіз. Кодты бірнеше адам жазса — әрқайсысымен интеллектуалдық меншік құқығының түгелімен компанияға берілетіні нақты әрі түсінікті түрде жазылған шарт жасасу керек. Әйтпесе, «кім жазды, кімге тиесілі?» деген дау туындауы мүмкін. Тіпті әйгілі Facebook пен Винклвосс ағайындылары арасындағы даулы оқиға осыған ұқсас жағдайдан басталған.

2. Qazpatent арқылы тіркеу. Қазақстанда бағдарламаларды Qazpatent арқылы тіркеуге болады. Кодты тіркеу міндетті емес, бірақ ол авторлықты және жасалған күнін нақтылап, сот кезінде мықты дәлел бола алады. 

3. Депонирлеу және нотариаттық бекіту. Бұл – бастапқы файлдарды арнайы платформаларға жіберу немесе кодтың жасалу күнін нотариалды куәландыру арқылы қорғау тәсілі (ҚР «Нотариат туралы» заңның 83 және 98-баптары). Кодтың нақты қай күні жазылғаны, кімге тиесілі екені сотта шешуші дәлел бола алады.

4. Лицензиялық келісімшарттар мен NDA(құпиялылық туралы шарттар). Егер сіз өніміңізді тапсырыс берушіге немесе серіктеске көрсететін болсаңыз – алдымен NDA жасасқан жөн. Ал егер өнімді пайдалануға берсеңіз – толыққанды лицензиялық келісім жасаңыз. Онда құқықтар, қолдану мерзімі, географиясы секілді барлық маңызды шарттар жазылуы керек. Маңызды ескерту: ауызша келісімдер әзірлеуші компанияны қорғауға жеткіліксіз. Келіспеушілік туындаған жағдайда (әсіресе жоба табыс әкеліп жатса немесе үшінші тұлғаларға берілсе), құжатсыз сіз өнімге ешқандай бақылау жүргізе алмай қаласыз. Сондай-ақ, кодты өзгертуге, үшінші тарапқа беруге немесе қайта өңдеуге тыйым салатын шектеулерді енгізу маңызды. Ал SaaS модельдерінде (интернет арқылы қолжетімді бағдарламалық қызметтер) – тараптардың міндеттері, қол жеткізу және деректерді қайтару шарттары нақты жазылуы керек.

5. Open-source лицензияларға мұқият болыңыз. Ашық кодпен жұмыс істеу ыңғайлы, бірақ оның да ережелері бар. Open-source – «шексіз пайдалану» дегенді білдірмейді.

Мысалы, GPL немесе AGPL лицензиялары бүкіл өнімнің бастапқы кодын ашуға міндеттейді. Бұл – «copyleft» деп аталатын лицензия түрі. Егер бұл талап орындалмаса, сізге айыппұл салынуы, тіпті өнімді коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынуы мүмкін.

Сондықтан үшінші тарап кодын пайдаланбас бұрын лицензия талаптарымен танысып, олар сіздің бизнес-моделіңізге сай келе ме – соны тексеріңіз. Бұл әсіресе нарыққа шығу, инвестиция тарту немесе мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде маңызды.

— Қазақстан мен ТМД елдерінде авторлық құқықты қалай қорғауға болады?

Қазақстанда, жалпы ТМД елдерінің көпшілігінде авторлық құқық автоматты түрде туындайды, яғни, кодты жаздыңыз ба, демек, авторсыз. Бірақ сот тәжірибесінде бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Яғни сіз шын мәнінде осы кодты жаздыңыз ба, оны нақты дәлелмен көрсетуіңіз керек.

Бізде авторлық құқықтарды реттейтін негізгі құжаттар – ҚР Азаматтық кодексі, «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңы, халықаралық келісімдер және бірқатар салалық актілер (мысалы, «Ғылым туралы» заң).

Автор ретінде құқығыңызды қорғау үшін мынаны ескеріңіз:

● бастапқы нұсқалар мен жұмыс версияларын сақтау;

● тапсырмалар бойынша хат алмасуды тіркеу;

● ресми тіркеу немесе нотариалды бекіту.

Сот тек сөзге емес, нақты дәлелдерге сүйенеді.

Тағы бір айрықша мәселе – IT саласында құқықтық мәдениеттің төмендігі.  Командалар көбіне “бір-бірімізге сенеміз” деген принциппен жұмыс істейді. Бірақ алғашқы инвестор немесе мемлекеттік тапсырыс келгенде — бәрі күрделене түседі. Құқық иесі кім? Код кімге тиесілі? Коммерцияға заңды жолмен шығуға бола ма? Осы сұрақтар жауапсыз қалады да, жоба тоқтап қалады.

Жас IT-компанияларға қандай кеңес берер едіңіз?

1. Барлығын ресми түрде бекітіңіз. Құжатты бірінші күннен бастап рәсімдеңіз. Дос, серіктес деп ауызша келісімге сенбеңіз, мәселе қаражатқа келіп тірелгенде заң жүзіндегі қорғау ғана сізге көмектеседі. 2. Өнімнің әр нұсқасын тіркеңіз. Commit, backup, жұмыс хаттары — бұның бәрі авторлықты дәлелдеуге көмектеседі.3. Патент алудан қорықпаңыз.  Егер сіз бірегей шешім әзірлеген болсаңыз — патенттеңіз.4. Алдымен NDA, кейін ғана таныстыру.Презентацияға, өнімді көрсетуге дейін міндетті түрде NDA жасаңыз. Тіпті инвестор болса да, NDA-сыз ішкі жүйені көрсетпеңіз. Бұл – сенімсіздік емес, қалыпты бизнес-практика.5. Кодты себепсіз таратпаңыз. Функционалды көрсету үшін демо-нұсқа, прототип, обфускацияланған код қолдануға болады.6. Тақырыпты түсінетін заңгермен жұмыс істеңіз. Әр заңгер кодпен жұмыс істеуді, Open Source лицензияларын, SaaS немесе AI ерекшеліктерін біле бермейді. Ал IP және IT саласын білетін заңгер – бизнесіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 — Ал Sergek Group тәжірибесі қандай?

Бізде интеллектуалдық меншікті қорғау — тек заң бөліміне жүктелген міндет емес. Бұл — инженерден бастап продакт-менеджерге дейін түсінетін ортақ мәдениет. Әр қызметкер өз жасаған дүниесінің құндылығын біледі. 

Мұндай тәсіл бізге ішкі сенімділікпен қатар, сыртқы серіктестермен жұмыс істеуде де артықшылық береді. Мемлекеттік тапсырыста, халықаралық нарықта немесе инвестиция тартқанда, құқықтық тазалық — ең бірінші талаптардың бірі.

Қорытынды: авторлық құқық  бұл стратегия

Интеллектуалдық меншік – бұл жай қағаз емес, IT-компанияның нарықтағы орны мен болашағын анықтайтын актив. Сондықтан «кейін реттейміз» деп жүріп, басты құндылықтарыңыздан айырылып қалмаңыз. Заңмен қорғалған өнім – сенімді бизнес құрудың алғышарты.

TSARKA қолдауымен