Қарағандыда қазақ тілінде алғашқы ІТ-жобаларды басқару курсы өтті

30 сәуірде жобаларды басқару бойынша алғашқы қазақ тіліндегі интенсив өз мәресіне жетті. Курсты бастау үшін оқу материалдары, соның ішінде халықаралық стандарт — PMBOK (Project Management Body of Knowledge) кітабының бірнеше тарауы қазақ тіліне аударылды. Курстың қатысушылары жобаларды басқарудың заманауи әдістерін меңгеріп, өз портфолиосы үшін жеке жобаларын жасады — барлығы ана тілімізде. Бұл интенсив қолжетімді ІТ-білімді дамытудағы маңызды кезеңге айналып, мұндай форматтардың жастар арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.

Курсқа дайындық

Жобалық менеджмент бойынша қазақ тіліндегі курсты іске қосу — Қарағандыдағы «Террикон аңғары» IT-хабы ұйымдастырушыларының бұрыннан ойда жүрген идеясы еді. Үлкен жұмыс атқарылды: білікті спикер іздеу, оқу бағдарламасы мен сабақ кестесін әзірлеу, оқу материалдарын қазақ тіліне бейімдеу.

Нәтижесінде курс спикері ретінде DataArt компаниясының Project Manager және Resource Manager лауазымындағы, халықаралық тәжірибесі бар маман Алмас Қарымсақов таңдалды. Алмас Астана қаласындағы Expo 2017 және Дубайдағы Expo 2020 сияқты ірі жобаларда жұмыс істеген. Интенсивке дайындық барысында ол PMBOK кітабының бір бөлігін қазақ тіліне өзі аударды.

«Мен өзім де жобаларды басқару саласына қазақ тіліндегі ресурстарсыз келгенмін. Сондықтан бұл аударма мен үшін жеке миссияға айналды. Ал курс — осы салада енді бастаған жастарға ана тілінде білім мен құралдарды жеткізудің мүмкіндігі болды», — дейді Алмас.

Жаңа мамандықты нөлден бастап

Курс 15 күнге созылып, кешкі уақыттарда онлайн форматта өтті. Ұйымдастырушылар осындай форматты әдейі таңдады — бұл кез келген қалада тұратын және түрлі жұмыспен айналысатын адамдарға оқу мүмкіндігін берді.

«Біз курсты тек пайдалы емес, қолжетімді етуді де мақсат еттік. Қазақ тіліндегі жаңа мамандықтарға үйрететін курстар аз, сондықтан кез келген адамның қатысуына мүмкіндік бергіміз келді», — дейді «Террикон аңғарының» event-бөлімінің жетекшісі Ангелина Саратовкина.

Интенсив бағдарламасы теорияны оқып, практикалық дағдылармен бекітуге негізделді. Қатысушылар жобаларды басқарудың Agile, Scrum және Kanban сияқты икемді әдістемелерін меңгеріп, практикалық тапсырмалар аясында Tilda платформасында лендингтер жасап, Telegram-боттар құрастырып, жобалар моделін жасады. Сонымен қатар, спикер сұхбаттасу симуляцияларын өткізіп, бос жұмыс орындарына дұрыс жауап беру жолдарын үйретті.

Курстың басты ерекшелігі — қатысушылардың портфолио үшін алғашқы жобасын жасау мүмкіндігі. Кейбір студенттер өз идеяларын инкубациялық бағдарламаларға ұсынуға дайындалып жатыр, осылайша кәсіби ортада өнімдерін әрі қарай дамытпақ.

«Бұл өте пайдалы болды! Біз оқулықтарда жиі кездесетін барлық негізгі тақырыптарды қамтыдық: SDLC-тен бастап Estimation әдістеріне дейін, бірақ ең бастысы — барлығы нақты мысалдармен және тәжірибемен қатар жүрді», — дейді курс студенттерінің бірі — Біржан Абдихан.

Алдағы жоспарлар

Бұл жоба хаб командасы үшін басты құндылықты — білімге тілге, дайындық деңгейіне немесе тұрғылықты жерге қарамастан қол жеткізу мүмкіндігін көрсетуге жол ашты. Курстың сәтті аяқталғанынан кейін ұйымдастырушылар ІТ, кәсіпкерлік және жобаларды басқару салаларында жаңа қазақ тіліндегі бағдарламаларды іске асыру жоспарларымен бөлісті.

Жаңа оқу бағдарламаларының жарияланымдарын хабтың сайтынан бақылауға болады.

TSARKA қолдауымен