Қаржы министрлігі 2026 жылға қарай барлық сатып алуларға арналған бірыңғай портал іске қосады.

Қазақстанда мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларды бірыңғай цифрлық платформада біріктіру жұмыстары басталды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Даурен Кенбеіл сатып алулар саласындағы жаңа заңнаманы іске асыру бойынша талқылау аясында хабарлады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай портал іске қосылып, үш жүйеге кіретін негізгі платформа ретінде жұмыс істей бастады: мемлекеттік сатып алулар, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары. Қазіргі уақытта техникалық интеграция кезеңі жүргізілуде, оның аясында Қаржы министрлігі барлық бағыттар бойынша жиынтық талдаулар мен толық ақпарат алып отыр.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің мақсатымыз — осы үш жүйені өшіріп, бірыңғай платформаның толыққанды жұмысын қамтамасыз ету», — деді Даурен Кенбеіл.

Келесі кезең – нормативтік біріздендіру, ол бойынша жұмыс әлі де жалғасуда. Вице-министр қазіргі уақытта тәсілдерде айырмашылықтар бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» отандық өндірушілерді оффтейк-келісімшарттар мен өзге де преференциялар түріндегі кеңейтілген қолдау тетіктері арқылы қолдай алады. Ал мемлекеттік сатып алуларда бұл мүмкіндіктер шектеулі, себебі Қазақстанның ДСҰ және ЕАЭО аясындағы халықаралық міндеттемелері бар.

«Самұрық-Қазына» отандық өндірушіні қалай қолдай алса, мемлекеттік сатып алулар ол деңгейде қолдай алмайды, себебі бізде халықаралық міндеттемелер бар», — деп түсіндірді ол.

Қазіргі деректер бойынша, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларындағы отандық тауарлар мен қызметтердің үлесі 79%-ға жетеді, ал мемлекеттік сатып алулар жүйесінде бұл көрсеткіш төменірек.

«Нормативтік біріздендіру бойынша біз әлі де жұмыс істеп жатырмыз, барлық “пайдасы мен зиянын” саралап отырмыз», — деп қосты Кенбеіл.

TSARKA қолдауымен