Қашықтан Жұмыс: артықшылықтары, кемшіліктері және болашағы

Соңғы жылдары бүкіл әлемде қашықтан жұмыс істеу танымал бола бастады. Әсіресе ақпараттық технологиялардың дамуы, интернеттің қолжетімді бола түсуі һәм қызмет түрлерінің артуы бұған оң септігін тигізуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек қазіргі таңда Қазақстанда 22,2 мың адам қашықтан жұмыс істейді екен. Олардың көпшілігі экономикасы жоғары ірі қалаларда, атап айтқанда Алматы (7,5 мың), Астана (2,6 мың адам) және Шымкент (2,1 мың) қалаларында қызмет атқарады.

Бұл мақалада біз қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін, жұмыс тиімділігіне әсерін, уақыт пен шығынды үнемдеу мәселелерін, сонымен қатар болашағы жайында Битрикс24 Қазақстан директоры Сармантай Қасенов және ТМД-дағы ішкі коммуникациялар саласындағы үздік сарапшылардың бірі, «Внутриком School» негізін қалаушы, HR блогер Марат Нұрғалиевпен талқылаймыз.  

 Қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтары
Уақыт пен шығынды үнемдеу
Үйден жұмыс істейтін адамдар жолға уақыт жоғалтпайды, сонымен қатар жол жүру, тамақтануға кететін шығындарын азайтады. Олар интернетке кіру мүмкіндігі бар кез келген жерден жұмыс істейді, сондықтан жиі саяхаттайды және міндеттері мен жеке мәселелерін күйзеліске түспей шешеді.

«Эмоционалдық фон жақсарады - оларға ешқайда жүгірудің, асығудың, қоғамдық көлікке отырудың қажеті жоқ. Екіншіден, қызметкерлер жеке өмірлері мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікке оңайырақ қол жеткізеді. Мысалы, олар күндіз жеке шаруаларын бітіріп (ауруханаға бару, баланы бақшадан алу), кешке жұмыс тапсырмасын орындай алады. Әрине, бұл барлық қызмет түріне cәйкес келмейді, бірақ кеңсе қызметкерлерінің көпшілігі үшін өте қолайлы. Үшіншіден, ыңғайлы, икемді жұмыс кестесі қызметкерлердің мотивациясын және олардың жұмыс берушіге деген адалдығын арттырады», - дейді Сармантай Қасенов.

«Қашықтан жұмыс істеу қызметкерден ұйымшылдық пен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен көп нәрсе ұйымның корпоративтік мәдениетіне, басшылықтың қашықтағы командаларды басқару қабілетіне, заманауи IT жүйелерін пайдалану мүмкіндігіне және т.б. байланысты болады. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу барысында тиімділік артады», - деп ой бөлісті Марат Нұрғалиев.

 

Жұмыс беруші үшін де пайдалы

Жұмыс берушілер үшін де қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтары көп. Ең бастысы, өз командасына әлемнің кез келген нүктесінен мамандарды жинап, бизнесін тезірек кеңейте алды. Сондай-ақ, кеңсе жалдау, жұмыс орындарын ұйымдастырудың қажеті жоқ, коммуналдық қызметтер және тазалық қызметтерінен де үнемдейді.

«100% қашықтан жұмыс немесе гибридті кесте барысында шығындар да төмендейтіні сөзсіз. Бірақ мұндай үнемдеу әсіресе ұйымда көптеген қызметкер болған кезде байқалады. ШОБ үшін шығындардың төмендеуі соншалықты маңызды болмауы мүмкін» - екендігін де атап өтті Сармантай Қасенов.

 

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің өнімділігі қандай?

«Бұл жекелеген адамға байланысты. Үйде отырып жақсы жұмыс істейтін адамдар бар. Оларды отбасы мүшелері, айналасында болып жатқан қызықты дүниелер алаңдатпайды. Мұндай адамдар әріптестерімен қарым-қатынас құрмай, қашықтан жұмыс істегенде тиімдірек болады. Олар бір уақытта көп нәрсе жасап, жаңа идеялар тудырады. Ал кейбір адамдар тиімді жұмыс істеу үшін әріптестерімен тікелей байланысқа түсіп, пікір алмасуы керек. Оларға жұмыс істеу үшін менеджердің тұрақты бақылауы қажет. Жалпы алғанда карантиннен кейін адамдардың көпшілігі қашықтан тиімді жұмыс істеуді үйренді, олардың өнімділігі кеңседе істегеннен кем емес», - дейді Сармантай Қасенов.

«Менің тәжірибемде қашықтан жұмыс істеуге ауысқан кезде нәтиже бүкіл компания офлайн режимінде жұмыс істеген кездегіден жақсырақ болған нақты мысал болды. Мен онда ішкі коммуникацияларды дамытумен айланыстым.  Жалпы әрбір компанияның немен шұғылданатынына қарау керек. Өйткені, қашықтан жұмыс істеу кез келген ұйымға жарамайды. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу жұмысқа келмеу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, қызметкерлер науқастану демалысын алмай, қашықтан жұмыс істей алады. Менің ойымша, бұл компанияға да, жұмысшылардың өздеріне де тиімді. Тиімділік төмендемейді, процестер зардап шекпейді, ал қызметкерлер емделу кезінде өздерінің табыстарын сақтайды», - дейді Марат Нұрғалиев.

 

Бәрі тамаша деп ойламаңыз

Артықшылықтарынан басқа, үйде жұмыс істеудің көптеген кемшіліктері де бар. Хоум-кеңсе форматындағы қызметкерлердің жұмыс көңіл-күйіне енуі және тапсырмаларды бастауы, өзін үлкен команданың бір бөлігі ретінде сезінуі қиынырақ. Кейде тіпті нақты жобадағы рөлі қандай, олардан не қажет екенін түсінбей жатады, себебі көпшілігі кеңседе отырып, әріптестерімен мәселелерді талқылауға дағдыланған.

Қашықтан жұмыстың минустары:

·         Көбірек оқшау қалады, адамдармен араласпайды (адамдармен араласуды ұнатпайтындар (интроверт) үшін жақсы, дегенмен әлеуметтік өмір маңызды, сол себепті достармен жиі кездесуді де ұмытпаған жөн, кейбір компаниялар тұрақты түрде командалық іс-шаралар ұсынып отырады, оған міндетті түрде қатысу керек);

·         шамадан тыс жұмыс істеу қаупі (үйде жұмыс істеу қажет болғаннан ұзағырақ жұмыс істеу қаупін тудырады. Бұл адамды шаршатып, жұмысқа байланысты стресстің артуына әкелуі мүмкін. Кестеңізді нақты анықтау, жұмыс тапсырмалары мен жеке тапсырмалар үшін нақты уақыттарды бөлу арқылы мұны болдырмауға болады);

·         әріптестік қатынастың ажырау (қашықтағы жұмыс кейде сіз бен әріптестеріңіздің арасын ажыратуы мүмкін);

·         жұмыс пен жеке өмір балансының бұзылуы (үйде жұмыс істеу сізге үйдегі өміріңізді жұмысыңызбен теңестіру мүмкіндігін ұсынса да, кейде мансабыңыз бен жеке өміріңіздің арасында нақты айырмашылықты ажырату қиын болуы мүмкін. Жұмыс уақыты мен жеке уақыт арасындағы нақты шекараларды белгілеңіз және өз уақытыңызды үйдегілермен бөлісіңіз).

Ал жұмыс берушіге қатысты айтар болсақ, менеджерге қашықтағы қызметкерлерді басқару қиынырақ:

·         бағыныштылардың өнімділігін бағалау;

·         олардың жұмыс уақытын бақылау;

·         тапсырмаларды қою және оның орындалуын қадағалау;

·         жұмысқа бейімдеу;

·         командалық рухты сақтау.

 

Әріптестермен байланыс

Компанияның табысқа жетуі қызметкерлері үшін қашықтан жұмысты қаншалықты сәтті ұйымдастырғанына байланысты. Қызметкерлер әлемнің әр нүктесінде болғанда, алдымен, байланыс зардап шегеді. Оны ыңғайлы және қолжетімді ететін бірнеше қарапайым құрал бар:

1.    Чаттар – топтық немесе жеке, жобалық немесе жалпы – мәселелерді бірге талқылаудың және жобалар бойынша негізгі ақпаратты жылдам табудың ыңғайлы жолы.

2.    Аудио-бейне байланыс – бір-бірінен алшақ жатқандар үшін виртуалды конференц-зал. Ой-талқы жасау, кездесулерді жоспарлауға арналған көмекші құрал.

3.    Виртуалды қойма және онлайн құжатты өңдеу - барлық файлдарды бір жерде ретімен сақтап қана қоймай, оларда бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қызметтер түрі.

Әртүрлі сервистерге ауыспау үшін компаниялар барлық қатысушыларды бір арнаға тоғыстыратын платформаларды пайдаланады. Мұндай платформалар барлық қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік береді.

 

«Топтың тиімділігін арттыру және ақпарат алмасуды жеделдету үшін біз көптеген құралдарды қолданамыз. Ең алдымен, бұл аудио және бейне қоңыраулар. Сондай-ақ қатысушылар саны көп бейнеконференциялар, жеке және топтық чаттар. Корпоративтік интранет порталы арқылы маңызды мәселелер мен құжаттарды талқылаймыз. Міндеттер қою арқылы жауапты рөлдер мен мерзімдерді нақты бөлеміз. Бұлтты қойманы пайдаланып құжаттарды сақтау және олармен бірлесіп жұмыс істеу де маңызды функция болып табылады. Уақытты бақылау және онлайн есеп беру сияқты құралдар да көп көмектеседі. Біз осы құралдардың барлығын Битрикс24 бұлттық қызметінде қолданамыз. Қызмет түрлері үнемі кеңейіп, жетілдіріліп отырады. Қызметкерлер бір жұмыс кеңістігін, бір корпоративтік порталды пайдаланған кезде жұмыс әлдеқайда тиімдірек болады», - дейді Сармантай Қасенов.

 

Қашықтан жұмыстың болашағы қандай

«Біздің компанияда 2020 жылы карантиннен бастап қашықтан жұмыс істеу негізгі жұмыс режимдерінің біріне айналды. Уақыт өте келе режим қашықтан және кеңсе жұмысын біріктіретін гибридке ауысты. Бұл біз үшін ең жақсы нұсқа. Оның үстіне, бұл кадр іздеудегі біздің артықшылығымыз. Сондықтан біздің компанияда қашықтан жұмыс істеу басым болатын гибридті режим жұмыс процесін ұйымдастырудың негізгі үлгісі болып қала береді», - дейді Сармантай Қасенов.

Марат Нұрғалиев те Битрикс24 Қазақстанның директорымен келіседі: «Менің ойымша, гибридті жұмыс ең оңтайлысы болып табылады, ол қызметкерге таңдау мүмкіндігін береді. Егер сізге 2-3 күн қашықтықтан жұмыс қажет болса, - жақсы (ерік өзіңізде), егер сіз үнемі кеңседе болғыңыз келсе, бұл да сіздің таңдауыңыз. Қазіргі уақытта Қазақстанның еңбек нарығында байқалып отырған нәрсе – толық қашықтан жұмыс ұсынатын компаниялар аз, негізінен жұмыс офлайн,  жалпы гибридті пішім де жиі қолданылады».

TSARKA қолдауымен