Казахстан мен Түркіменстан цифрлық технологиялар мен байланыс саласында бірлескен жобаларды жоспарлап отыр
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Түрікменстанның Байланыс министрі Хаджимурат Худайгулыев пен Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-премьер–министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ вице-министр Досжан Мусалиев арасында екіжақты кездесу өтті.
Тараптар әріптестіктің кең ауқымын талқылады: цифрлық экономиканы және электрондық үкіметті дамыту, халықаралық деректер транзитінің өткізу қабілетін арттыру, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, «Қазпошта» АҚ арқылы цифрлық сауданы дамыту, ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ ЭСКАТО аясында Алматыда Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдердің аймақтық орталығын құру жөніндегі Қазақстан бастамасын қолдау.
Екі тарап Қазақстан мен Түрікменстан телекоммуникациялық желілерінің халықаралық түйісу нүктесін ұйымдастыру жобасына ерекше назар аударды. Бұл — екі мемлекеттің желілерін тікелей және сенімді түрде байланыстыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама.
Жоба Темірбаба (Қазақстан) – Бекдаш (Түрікменстан) бағытында жер асты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл желінің іске асуы өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық байланыс арналарының өткізу қабілетін ұлғайтады және Орталық Азияда жаңа цифрлық дәліздер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сапар барысында Қазақстанның «TNS-Plus» ЖШС мен Түрікменстанның «Туркментелеком» компаниясы арасында Ниет туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі елдің магистральдық телекоммуникациялық желілерін жалғайтын шекаралық кабельдік өткелді салу жөніндегі уағдаластықты бекітеді.
Жобаны іске асыру үшін бірлескен жұмыс тобы құрылады. Топ болашақ желінің техникалық параметрлерін айқындайды, мемлекеттік шекараның түйісу нүктесін белгілейді және жобалау-сметалық құжаттаманы дайындайды.
Негізгі құрылыс жұмыстары меморандумға қол қойылғаннан кейін 12 ай ішінде аяқталуы жоспарланып отыр.
Жоба маңызды мемлекетаралық мәртебеге ие: ол Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия хаттамасына енгізілген және салалық ведомстволар деңгейінде саяси қолдау алған. Оның жүзеге асуы өңірдің цифрлық өзара байланысын күшейтіп, телекоммуникация саласындағы серіктестікті нығайтады және екі ел арасындағы халықаралық байланыс қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге шығарады.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тараптар ИКТ және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.