«Қазақмыс» пен Freedom Cloud ЖИ мен өндірісті цифрландыруды дамыту үшін бұлтты жүйеге көшу процесін іске қосады
«Қазақмыс» корпорациясы мен қазақстандық Freedom Cloud IT-компаниясы Цифрлық технологиялар саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлескен жұмыс кәсіпорынның IT-инфрақұрылымын жаңғыртуға, өндірістік үдерістерге бұлттық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізуге бағытталады.
Бұлттық жүйеге көшу компанияның барлық есептік және желілік ресурстарын біртұтас цифрлық ортада біріктіруге мүмкіндік береді, мәліметтің қауіпсіздігін және негізгі жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
2026 жылғы қаңтардан маусымға дейін «Қазақмыс» бұлттық инфрақұрылым мен жаңа цифрлық қызметтердің жұмысын сынақтан өткізетін ілкі жобаны жүзеге асырады.
Ілкі жоба келесідей мүмкіндік береді:
•деректерді өңдеу жылдамдығын арттырып, корпоративтік жүйелердің тұрақтылығын күшейтеді;
•жабдықты бақылау және оның тоқтап қалуын болдырмау үшін жасанды интеллект пен болжау аналитикасының элементтерін енгізеді;
•кеңседен бастап кенішке дейін желінің кез келген нүктесінен цифрлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
•қызметтерді автоматтандыру және қолмен орындалатын операцияларды азайту арқылы қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді.
Freedom Cloud компаниясы Tier III деңгейіндегі инфрақұрылымды резервтік көшірумен, киберқорғаумен және тәулік бойы мониторингпен қамтамасыз етеді. Осы шешімнің негізінде жасанды интеллект арқылы процестерді басқару технологиясын және DevOps жүйесін сынақтан өткізеді. Бұл жаңа цифрлық құралдарды жылдам енгізуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта тараптар өнеркәсіптік алаңдарда мәліметті өңдеудің модульдік орталығын (МӨМО) құру және басқарылатын бұлттық қызметтерді енгізу бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл өндірістің тиімділігін арттырып, компания ішіндегі цифрлық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі.