Қазақстан 2026 жылға қарай Батыс-Шығыс оптикалық гипермагистралын салады
Қазақстанда Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы халықаралық деректер транзитінің баламалы бағыты болатын ұлттық талшықты-оптикалық Батыс-Шығыс гипермагистралының құрылысы басталады.
6 ақпанда Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (МЦРИАП) мен Freedom Telecom Holding Ltd. арасында талшықты-оптикалық гипермагистраль салу және халықаралық трафикті сақтау мен таратуға арналған Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын (ЦОД) құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру Қазақстанға Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы халықаралық деректер транзиті үшін баламалы бағытты қамтамасыз етіп, елдің цифрлық қызметтер саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлемдік жетекші IT-компанияларды тартуға мүмкіндік береді.
Батыс-Шығыс ұлттық гипермагистралының құрылысы деректерді беру көлемін айтарлықтай арттырып, Қазақстанның халықаралық интернет-трафик транзитіндегі негізгі рөлін күшейтеді. Жоба деректерді беру кідірісін азайтуға, қосылу жылдамдығын арттыруға және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік трафик үшін баламалы бағытты құруға бағытталған. Гипермагистральдің құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бұл, әсіресе, бұлтты технологиялар, қаржылық операциялар, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салалары үшін аса маңызды. Сонымен қатар, гипермагистральдің салынуы ірі халықаралық IT-компаниялар, телекоммуникациялық корпорациялар мен қаржы ұйымдары сияқты жаһандық клиенттерді тартуға ықпал етеді, олар жылдам және қауіпсіз деректер транзитіне мүдделі.
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытудың негізгі элементтерінің бірі – заманауи деректерді өңдеу орталықтарын (ЦОД) салу. Бұл орталықтар контентті жинақтап, трафиктің үздіксіз байланысын қамтамасыз етеді. Tier-III халықаралық стандартына сәйкес салынатын бұл орталықтар жоғары сенімділік, қауіпсіздік және үздіксіз жұмыс істеу деңгейін қамтамасыз етеді.
«Батыс-Шығыс ұлттық гипермагистралының құрылысы» және «Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын құру» жобалары бойынша меморандумға қол қойылуы – Қазақстан үшін цифрлық даму саласындағы стратегиялық маңызды қадам. Осы бастамалар арқылы ел халықаралық трафик транзитіндегі үлесін арттырып, сенімді деректерді сақтау инфрақұрылымын қалыптастыра алады.
Жобаларды қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.