Қазақстан ғарыштық технологиялар экспортын кеңейтуде
Қазақстанда ғарыштық технологиялар саласында кезекті экспорттық келісім жасалды. 2025 жылғы 4 ақпанда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Конго Республикасына Жерді қашықтан зондтау жүйесін құру жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойды.
Жоба “Қазақстан Ғарыш Сапары” АҚ-ның қатысуымен жүзеге асырылып, ұлттық қауіпсіздік, экология, ауыл шаруашылығы және урбанистика салаларында спутниктік мониторингті дамытуға бағытталған. Қазақстан Конго Республикасына жоғары технологиялық спутниктік платформаны ұсынады, ол жер бетін дәл және жедел бақылауға мүмкіндік береді.
Қол қойылған келісімнің арқасында Конго Республикасы бұған дейін Моңғолия қосылған халықаралық қашықтан зондтау спутниктері тобына енеді. Бұл елдерге ғарыштық мониторинг саласында мәліметтер мен озық технологиялармен алмасуға мүмкіндік береді.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның тек спутниктік жүйелерді жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар мамандарды оқытуды және тәжірибе алмасуды қамтитын кешенді шешімдер ұсынатынын атап өтті.
Келісімге қол қоюға дейін 2024 жылғы қыркүйекте тараптар бекіткен ынтымақтастық жөніндегі жол картасы әзірленді. Жаңа келісім Қазақстан мен Конго Республикасының стратегиялық әріптестігін нығайтуда маңызды қадам болып, қазақстандық ғарыштық технологиялардың экспортын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.