Қазақстан IT-білім экспорттауда: Тәжікстанның 100 азаматы Tech Orda бағдарламасы бойынша оқудан өтті
Astana Hub халықаралық технопаркінің Tech Orda бағдарламасы аясында Тәжікстан Республикасының 100 азаматы ақпараттық технологиялар бойынша кәсіби білім алды. Бағдарлама IT саласындағы негізгі дағдыларды үйретуге бағытталып, Қазақстандағы 6 аккредиттелген IT-мектепте жүзеге асырылды.
Курс веб-дамыту, киберқауіпсіздік, Python, FullStack-дамыту, C# және Data Science сияқты сұранысқа ие бағыттарды қамтыды. Қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелері арқылы цифрлық экономикада мансап жолын бастауға нақты мүмкіндік алды.
Бағдарламаға қатысқан мектептердің бірі – nFactorial School. Мұнда Тәжікстаннан келген 17 студент тоғыз ай бойы білім алды. Оқу бағдарламасы екі негізгі модульден тұрды: Java тіліндегі бағдарламалаудың негіздері және React кітапханасы арқылы JavaScript тілінде веб-дамыту. Оқу процесі алдын ала дайындалған материалдарды өз бетінше меңгеру, менторлармен тұрақты онлайн-сабақтар және практикалық тапсырмаларды орындау арқылы жүзеге асты.
Сонымен қатар оқу QWANT LIMITED, Outpere, MENTORY EDUCATION LIMITED, JustCode және Cyberlabs секілді қазақстандық IT-мектептерде өтті.
Айта кетейік, Tech Orda – Қазақстанда IT-білімді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Оның аясында әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант беріледі. Бағдарлама 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына арналған және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен іске асырылады.