Қазақстан халқының 100%-ы 2027 жылға дейін интернетке қосылады

2027 жылға қарай Қазақстан халқының барлығы интернетке қол жеткізеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда телеком саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл елдегі орташа интернет жылдамдығын 94 Мбит/с дейін арттыруға мүмкіндік берді.

«Сала дамуы 2024–2027 жылдарға арналған “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын интернетпен қамту жоспарланған. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тен асады, ал талшықты-оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін жеткізіледі», — деді Жаслан Мәдиев.

Вице-премьердің айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 мың ауылға талшықты-оптикалық байланыс тартылады. Осылайша, 2027 жылға қарай қамту деңгейі 90%-ға жетеді. Бұл бағыттағы жалпы инвестиция көлемі 323 млрд теңгені құрайды. Қалған 10% шағын ауылдар спутниктік интернет арқылы қамтамасыз етіледі.

TSARKA қолдауымен