Қазақстан мен Франция жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда
Astana Hub-та «Жасанды интеллект бойынша Париж саммиті: Қазақстан үшін даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу Францияның Қазақстандағы Елшілігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Басты тақырып — 2025 жылғы ақпанда өткен Жасанды интеллект жөніндегі Париж саммитінің нәтижелері мен Қазақстан мен Франция арасындағы осы стратегиялық маңызды салада одан әрі ынтымақтастық жолдары болды. Саммитке 100-ден астам елден 1000-ға жуық қатысушы жиналып, технологияны этикалық, тұрақты және инклюзивті түрде дамыту үшін халықаралық келісімнің маңызын көрсетті.
Цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушин Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өршіл жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, alem.ai халықаралық орталығын құру туралы айтылды. Бұл орталық ғылыми зерттеулерді дамытуға, стартаптарды қолдауға және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға бағытталмақ.
Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге Францияның Еуропадағы жасанды интеллект саласының көшбасшыларының бірі екенін атап өтті. Бұл — белсенді мемлекеттік қолдау, стартаптардың өсуі және мықты академиялық база арқасында мүмкін болды.
Талқылауға сондай-ақ Astana Hub басқарушы директоры Танат Өскембаев, Alstom компаниясының Орталық Азиядағы директоры Жером Бойе және HubLab.ai стартапының негізін қалаушы Иван Кононов қатысты. Спикерлер технологиялық хабтардың халықаралық бастамаларды іске қосуға арналған маңызды платформа ретіндегі рөлін атап өтті.
Тараптар франко-қазақстандық әріптестікті білім алмасу, стартаптарды қолдау және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту бағытында одан әрі нығайтуға келісті.