Қазақстан Nvidia чиптерін жеткізу үшін экспорттық лицензия алуға дайындалуда

Қазақстан 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы аясында суперкомпьютер және деректерді өңдеу орталығын құру үшін қолданылатын Nvidia видеокарталарын жеткізуге арналған экспорттық лицензия алу кезеңінде тұр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі АҚШ тарапынан Қазақстанға чиптер жеткізуге қатысты мүмкін шектеулер туралы ресми мәлімдемелер немесе ақпараттар әлі түспегенін хабарлады.

“Жалпы, АҚШ үкіметі жасанды интеллект технологияларының экспортын жүйелі түрде қатаңдатып келеді. Бұл шектеулер тек Қазақстанға ғана емес, барлық басқа елдерге де қолданылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Nvidia чиптерін жеткізуге экспорттық лицензия алу процедурасынан өту кезеңінде тұр”, – деп атап өтті министрлік өкілі.

Министрлік Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға қажетті технологиялық инфрақұрылым құру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын нақтылады. АҚШ-тың жасанды интеллект технологияларының экспортына енгізген шектеулері тек Қазақстанды ғана емес, басқа елдерді де қамтиды. Қазақстан Nvidia чиптерін жеткізуге қажетті лицензияны алу процесінде тұр, ал құрамдас бөлшектерді реэкспорттау жоспарда жоқ.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев суперкомпьютер жасау технологиясын алу, қатаң экспорттық бақылау жағдайында — күрделі міндет екенін атап өткен болатын. Қазақстан осы жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті чиптерді сатып алуға лицензия алу мақсатында американдық компаниялармен келіссөздер жүргізуде.

Суперкомпьютерді жасау процесі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде чиптерді сатып алу басталып, G42 компаниясымен бірлескен кәсіпорындар құрылған болатын. Суперкомпьютерді биыл іске қосу жоспарлануда. Үшінші кезеңде деректерді өңдеу орталығы салынады, бұл жобаны Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырады, ал Қазақстан бұл нысанға жер мен электр энергиясын қамтамасыз етеді.

TSARKA қолдауымен