Қазақстан «Цифрлық қауіпсіздік төлқұжаты» мен «Интерактивті картаны» таныстырды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік төлқұжаттарын цифрландыруды жалғастыруда. 6 желтоқсан күні Астанадағы ЕҚЫҰ кеңсесінің және Төтенше жағдайлар мен апаттық қауіп-қатерлерді азайту орталығының қолдауымен «Цифрлық қауіпсіздік төлқұжаты» мен «Интерактивті карта» жаңа қосалқы жүйелерінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға ЕҚЫҰ, Төтенше жағдайлар, Сыртқы істер, Су ресурстары, Экология, Цифрлық даму министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰДБ, БҰҰ агенттіктері, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының ұйымдары қатысты.

Аталған қосалқы жүйелер ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің деректерді толтыру, жаңарту және талдау жұмыстарын жеңілдету мақсатында әзірленген. Сонымен қатар, олар күнделікті жедел қызмет барысында да қолданылады.

«Бұл қосалқы жүйелер аумақтық бөлімшелердің деректерді толтыру мен жаңартудағы жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, олардың күнделікті жедел қызметте қолданылуын оңайлатады», – деп атап өтті вице-министр Батырбек Әбдішев.

«Цифрлық қауіпсіздік төлқұжаты» мен «Интерактивті карта» Қазақстандағы табиғи және техногендік қауіптер мен төтенше жағдайлар тәуекелдері туралы мәліметтерді басқаруға арналған көпқолданушылық геоақпараттық жүйелер болып табылады.

TSARKA қолдауымен