Қазақстан әуежайларында биометрия және рейстер кешіккен жағдайда сақтандыру енгізіледі
Қазақстанда жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін және рейстер кешіккен жағдайда цифрлық сақтандыру қызметін іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, сақтандыру жүйесі авиабилеттерді сатып алуға арналған қосымшаға біріктіріледі, бұл жолаушыларға рейс кешіккен жағдайда өтемақыны жылдам алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұшу уақытын және жанармай шығынын азайту үшін маршруттарды оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, авиация саласының цифрлық трансформациясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы ірі жобалар арқылы жалғасуда. Бұған дейін жүк тасымалында электронды құжат айналымы жүйесі (E-freight) енгізілген, ал Қазақстан әуежайларында жолаушыларға тіркеуден өтіп, бақылаудан қағаз құжаттарынсыз өтуге мүмкіндік беретін электрондық жеке куәлік жүйесі (E-doc-airport) қолданылады.
Болашақта биометриялық сәйкестендіру тіркеу процесін жеңілдетіп, жаңа технологиялар ұшуларды болжау дәлдігін арттыруға және жолаушыларға қызмет көрсетудің жеделдігін жақсартуға мүмкіндік береді.