Қазақстан ЖОО педагогтары ЖИ және GameDev бойынша оқуға грант алды
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен және Astana Hub-пен бірлесе отырып, Қазақстан жоғары оқу орындарының педагогтарына арналған ауқымды оқыту бағдарламасын іске қосуда. Tech Orda бағдарламасының арнайы бағыты аясында 47 ЖОО-дан 700 оқытушы жасанды интеллект және ойын жасау (Game Development) бағыттары бойынша қарқынды оқудан өтеді.
Оқыту «Бапкерлерге арналған тренинг» (ToT) жүйесі бойынша ұйымдастырылған, бұл оқытушыларға теориялық негіздерді меңгеріп қана қоймай, оларды практикада қолдануға мүмкіндік береді. Бағдарлама педагогтардың біліктілігін арттыруға бағытталған, осылайша олар студенттерге тиімді білім бере алады.
Бағдарлама аптасына кемінде екі сабақтан тұрады, әрқайсысы 90 минутқа созылады, сонымен қатар оқытушылардың шағын топтармен (25 адамға дейін) өзара әрекеттесуі қарастырылған. Оқыту тілдері – қазақ және орыс тілдері, барлық материалдар, соның ішінде бейнесабақтар екі тілде ұсынылады.
«Жасанды интеллект» бағыты бойынша оқу бағдарламасы Prompt engineering, Data analytics, Data Science және Computer Vision негіздерін қамтитын базалық курсты қамтиды. Алдыңғы қатарлы курста генеративті ЖИ, табиғи тілдерді өңдеу (Natural Language Processing) және терең оқыту (Deep learning) тақырыптары қарастырылады. Game Development бағыты ойын дизайны, компьютерлік графика, модельдеу және текстуралау, риггинг, анимация, сондай-ақ UI/UX және ойын әзірлеудің негіздерін қамтиды.