Қазақстанда 1,5 млрд долларға ең ірі гипермасштабты деректер орталықтары салынады

AlmatyFair.ai көрмесінде Қазақстан Үкіметі мен сингапурлық GK Hyperscale Ltd компаниясы арасында екі гипермасштабты деректерді өңдеу орталығын (ЦОД) салу және пайдалану бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды. Құжатқа ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен GK Hyperscale Ltd бас директоры Майкл Дикерсон қол қойды.

Жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард долларды құрайды, ал ЦОД-тардың жалпы ІТ қуаты 200 МВт болады. Нысандар Tier 3 стандартына сәйкес салынбақ және Қазақстандағы осы деңгейдегі ең ірі дата-орталықтар болады.

Деректер орталықтары бұлтты шешімдер, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулерді (HPC) дамыту үшін технологиялық негіз болады. Жобадан түскен табыстың кемінде 50%-ы экспорттық келісімшарттардан түседі деп күтілуде.

«Мұндай ауқымдағы және сападағы жоба Microsoft, Google, Amazon сияқты халықаралық технологиялық алпауыттарды, сондай-ақ үлкен деректер мен жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компанияларды тартуға ықпал етеді. Жобаны іске асыру елдің Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, ІТ-қызметтердің экспортын одан әрі арттыруға жағдай жасайды», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Жоба аясында 360-тан астам жоғары білікті жұмыс орны ашылып, отандық компаниялардан кемінде 1,2 миллиард долларға өнім сатып алу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 1,2 миллиард доллар энергетика саласына қосымша инвестиция салынады: электр станциясын жаңғырту, жел электр станциясын салу және энергия сақтау жүйесін дамыту арқылы деректер орталықтарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету жоспарланған.

ЦОД-тардың құрылысы 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталып, алғашқы модуль 2027 жылы пайдалануға беріледі.

TSARKA қолдауымен