Қазақстанда 3 000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазахтелеком» АҚ 3 000-нан астам ауылдық елді мекенді интернетке қосу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойды.

Келісім нәтижесінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жобасы жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын — 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандарда спутниктік байланыс арналары арқылы қосылу 2027 жылдың соңына дейін қамтамасыз етіледі.

Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына дейін елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Жақын арада мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар, бюджеттік ұйымдар, қоғамдық қолжетімділік нүктелері және мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу пункті интернетке қосылады. Ауылдарды қосу талшықты-оптикалық (88%) және спутниктік (12%) арналар арқылы жүзеге асады.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 239 млрд теңгеден асады — бұл бюджеттік емес қаражат. Бұл «Қазахтелеком» АҚ-ның ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымының арқасында мүмкін болып отыр.

Сонымен қатар, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станцияларының инфрақұрылымы күшейтіледі. Осы нысандарға талшықты-оптикалық желілерді жүргізу мобильді интернет пен байланыстың сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

«Біз өңірлердің тең дамуына мүмкіндік беретін цифрлық негіз қалап жатырмыз. Біздің мақсат — ауылдарды интернетке қосудан бөлек, оларды елдің цифрлық экожүйесіне кіріктіру. Бұл — білім, медицина және мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділіктің негізі. Инфрақұрылым тұрақты әрі ашық жұмыс істегенде, шағын бизнестің, ауыл мектептерінің және жастар үшін жаңа кәсіптік жолдардың дамуына жағдай жасалады», — деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.
«Ең бастысы — ауылдағы баланың да, қаладағы баланың да оқуға, дамуға және заманауи технологияларды пайдалануға тең мүмкіндігі болуы керек. Біз елдің ең шалғай бұрыштарынан бастап цифрлық теңсіздікті азайту жолында қадам жасап жатырмыз. Интернетке қолжетімділік — бүгінде сән-салтанат емес, бұл — негізгі қажеттілік. Мұны БҰҰ-да, сондай-ақ еліміздің Президенті де мойындап отыр», — деп атап өтті «Қазахтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Өз елді мекеніңіз бойынша қосылу мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.

TSARKA қолдауымен