Қазақстанда археологиялық деректердің бірыңғай цифрлық жүйесі құрылады

Мәжіліс тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат археологиялық жұмыстар бойынша Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құруды көздейді.

Жаңа платформа зерттеу барысында анықталған археологиялық олжалар мен тарихи-мәдени мұра нысандары туралы барлық мәліметтер жинақталатын ұлттық базаға айналады.

Археологиялық жұмыстарды лицензиялау екі түрге бөлінеді: ғылыми-реставрациялық және археологиялық (жоспарлы және алдын алу). Лицензияның қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.

Қазақстан аумағында табылған барлық жаппай артефактілерді жинақтайтын Археологиялық олжалар мен материалдардың ұлттық депозитарийі құрылады.

Тарихи нысандарды іздеуде металл іздегіштер, радарлар, магниттік құрылғылар және басқа да техникалық құралдарды заңсыз пайдалануына тыйым енгізіледі.

А. Х. Марғұлан атындағы археология институтының үйлестіруімен Ұлттық археологиялық қызмет құрылмақ. Ол археологиялық жобаларға ғылыми-кеңестік және талдамалық қолдау көрсетумен айналысады.

Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл құжат Президенттің тапсырмасы аясында әзірленген және археологиялық деректерді жүйелеу мен мәдени мұраны қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

TSARKA қолдауымен