Қазақстанда медицинадағы ЖИ-стартаптарды енгізуге жағдай жасалады

Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу жеңілдейді. Бұл туралы цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун хабарлады.

Оның айтуынша, медицина – ЖИ қолданудың ең перспективалы салаларының бірі, әсіресе ауруларды ерте әрі дәл диагностикалау бағытында. Алайда қазіргі уақытта алгоритмдерді оқыту үшін қажет медициналық деректерге қолжетімділік пен нормативтік-құқықтық актілерде шектеулер бар.

«Бүгінде заңнамада және деректерге қолжетімділікте шектеулер бар. Денсаулық сақтау министрлігі бұл кедергілерді азайтып, ЖИ-дің жұмыс істеуі үшін қажетті деректерге қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету бойынша шараларды пысықтап жатыр», — деді Мун.

Ол қазақстандық ауруханаларда түрлі ақпараттық жүйелердің енгізілгенін атап өтті және олардың үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

«Стартап бүкіл медициналық жүйені қайта құрмайды. Ол жекелеген шешімдер — ЖИ-агенттер мен ассистенттер жасайды. Министрлік бұл шешімдердің қолданыстағы ақпараттық жүйелерге енгізілуі мен біріктірілуін қамтамасыз етуі қажет».

Осылайша, отандық ЖИ-стартаптар өз технологияларын тезірек бейімдеп, медициналық тәжірибеге енгізе алады. 

TSARKA қолдауымен