Қазақстанда мотор майын таңбалау бойынша пилоттық жобаcы аяқталды
Энергетика министрлігі Бірыңғай оператормен бірлесіп, 2024 жылдың 1 ақпанынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін мотор майларын таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны жүргізді. Өндірушілер мен импорттаушылардың кәсіпорындарында Data Matrix коды өнімге сәтті қолданылып, таңбалаудың өндіріс процесінің жылдамдығына әсер етпейтіні, яғни өндірістің тұрақтылығы расталды.
Пилоттық жобаның шеңберінде өндіріс орындарында жабдықтар реттеліп іске қосылды, сынақ таңбалауы жүргізілді, компания өкілдері мен өнім карталары тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне тіркелінді, таңбалау, сериялау және өнімді топтық және көліктік қаптамаға біріктіру процестері көрсетіліп, кодтар мобильді қосымшасында (Google Play және AppStore-де қолжетімді) тексерілді.
Жоба барысында қазақстандық өндірушілермен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, тәжірибелер мотор майларын шығаратын жетекші өндірушілердің бірі – «Hill Corporation» ЖШС, сондай-ақ «Семей майлар зауыты» ЖШС зауытында жүргізілді. Жоба қатысушыларына таңбалау жүйесін өндірістік процестерінде сынақтан өткізуге мүмкіндік берілді, бұл жаңашылдықтың тиімділігін бағалауға және оны саланың қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Тәжірибе таңбалауды енгізу өндіріс желісінің өнімділігі мен жылдамдығын төмендетпейтінін растады. Сондай-ақ, экспериментке қатысушылар таңбалауға жататын тауарларды өндіретін мекемелерге қолдау шараларын қарастыруды ұсынды.
Мотор майларын таңбалау тұтынушылар үшін мотор майларының шығу тегі туралы ақпараттың ашықтығы мен сенімділігін арттырады, өнім айналымын бақылаудың тиімділігін арттырады, контрафактілік өнімдер айналымымен күресуге, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға көмектеседі, сондай-ақ отандық өндірісті дамытуға және мотор майы өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Сәтті өткен пилоттық жоба Қазақстанның тауардың сапасын бақылау және қадағалауда цифрлық құралдарды енгізуге дайын екенін көрсетеді, бұл нарықтың ашықтығын арттырады және тұтынушылардың мүдделерін қорғайды.
Анықтама: Үкіметтің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 95 қаулысымен «Қазақтелеком» АҚ Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор болып белгіленді. Бүгінгі таңда темекі өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмекке міндетті таңбалау енгізілді. Келесі өнім топтары бойынша таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды: мотор майлары, сыра қайнату өнімдері, зергерлік бұйымдар.