Қазақстанда әр үшінші бала өз бетінше онлайн-сатып алулар жасайды

Қазақстандағы әр үшінші бала (34%) өз бетінше тауарларды онлайн сатып алады. Әр екінші баланың жеке банк картасы бар (54%). Бұл туралы ата-аналар «Касперский зертханасы» жүргізген сауалнама барысында мәлімдеді. Интернетте балалар алаяқтыққа және басқа да қауіптерге тап болуы мүмкін. Сондықтан шопингтің қауіпсіз болуы үшін оларға цифрлық және қаржылық сауаттылық ережелерін түсіндіріп отыру маңызды.

Өз бетінше онлайн-сатып алулар жасайтын балалардың басым көпшілігі ата-аналары ашып берген немесе өздері ашқан жеке банк картасын пайдаланады (78%). Сондай-ақ, кейбір балалар туыстарының картасымен (4%) немесе маркетплейстердегі электронды әмияндармен (2%) төлейді. Ал 12%-ы тауарды алған кезде қолма-қол ақшамен есеп айырысуды таңдайды.

«Балалардың онлайн-дүкендерді және банк карталарын пайдалануының еш жамандығы жоқ. Бұл – қазіргі заманғы әлемде пайдалы және қажетті дағды. Бірақ олар мұны дұрыс және қауіпсіз жолмен жасауды үйренуі керек. Ересектер балаларды қажетсіз шығындардан сақ болуға, күмәнді ресурстарға жеке деректерін енгізбеуге, “жылдам табыс” схемаларына және аса жомарт акцияларға күмәнмен қарауға үйретуі қажет. Біздің сауалнамамызға сәйкес, Қазақстандағы әр оныншы ата-ана интернеттегі балаларының қателіктері салдарынан ақшасынан айырылған: 4000 теңгеден аз сомадан 400 мың теңгеден астам үлкен сомаға дейін жоғалтқан жағдайлар кездескен. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін балалармен цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы сөйлесу маңызды», — деп түсіндірді Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия бойынша «Касперский зертханасының» басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Балаларды онлайн-қатерлерден қорғау үшін мамандар келесіні ұсынады:

• балаларды өздерінің жеке және банк деректерін аса қажет жағдайда ғана жарияламауға және оларды күмәнді ресурстарға енгізбеуге үйрету;

• онлайн-тауарлар үшін төлем жасауға арнайы карта ашып беру, әсіресе, қазіргі уақытта банктер осы мақсатта виртуалды карталарды пайдалануды ұсынады;

• балаңызға банк және басқа да қосымшаларға кіру үшін сенімді құпиясөздерді орнатуға көмектесу. Құпиясөз комбинациясы кемінде 12 таңбадан тұруы керек: бас және кіші әріптер, сандар және арнайы таңбалар болуы қажет;

• балаңызбен бірге екі факторлы аутентификацияны барлық қолжетімді қызметтерде орнату, бұл бұзылу және деректердің таралу қаупін азайтады;

• бала пайдаланатын барлық құрылғыларға сенімді қорғау шешімін орнату;

• балалардың онлайн-активтілігін бақылауға мүмкіндік беретін ата-ана бақылауы бағдарламаларын пайдалану.

TSARKA қолдауымен