Қазақстанда цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды
Ұлттық Банк цифрлық теңге платформасын пайдалану бойынша пилоттық жобаның іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл жоба қазіргі уақытта тестілеуден өтіп жатыр. Екінші кезеңнен сәтті өткен соң цифрлық теңге «Достық-Мойынты» темір жол учаскесін салуға жұмсалады.
Жоба авторларының айтуынша, цифрлық теңгеге арнайы таңба қойылады. Ал таңбалы валюта қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдарға ғана төленеді. Бұл дегеніміз - өнім берушілер және мердігерлер ЦТ арқылы есеп айырысады деген сөз. Яғни, бөлінген ақша мақсатсыз жұмсалмайды.
Пилоттық жоба «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы», «Қазпошта» және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп іске қосылды.
“Пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгейлі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланып отыр. Цифрлық теңгені енгізудің екінші кезеңінің нәтижесі 2024 жылдың аяғында қорытынды есеп (blueprint paper) форматында ұсынылады”, - делінген хабарламада.