Қазақстанда жасанды интеллект жасаған контенттің авторлық құқығы кімге тиесілі

Қазақстанда жасанды интеллекттің қатысуымен жасалған туындылардың авторлығын қалай реттеу керектігі нақтыланды.

«Жасанды интеллект туралы» заң жобасына сәйкес, адамның қатысуынсыз толықтай ЖИ арқылы жасалған туындылар авторлық құқық объектісі болып саналмайды, өйткені шығармашылыққа құқық тек адамға ғана тиесілі.

Сонымен қатар, құжатта бірлескен авторлықтың мүмкіндігі қарастырылған — егер адам туындыны жасау процесіне маңызды шығармашылық үлес қосқан болса. Мұндай жағдайда автор өзінің қатысу дәрежесін дәлелдеуі тиіс, сонда ғана ол авторлық құқыққа үміткер бола алады.

Маңызды жаңалықтардың бірі — пайдаланушының ЖИ үшін жасайтын күрделі промттарын — яғни егжей-тегжейлі шығармашылық тапсырмаларды — дербес авторлық құқық нысаны ретінде тану ұсынысы болды.

Кейбір шығармашылық салаларда мұндай промттар ондаған бет сценарийлік, идеялық және режиссерлік шешімдерден тұруы мүмкін, яғни олар өз алдына толыққанды шығармашылық еңбек болып есептеледі.

«Мысал ретінде айтсам: шығармашылық ортада жұмыс істейтін жүйелер үшін, мысалы, бейне немесе аудиоконтент жасайтын ЖИ-ға арналған промттар кейде үш минуттық ролик үшін 100–200 бетке дейін жетеді. Өйткені ол промтта барлық режиссерлік, идеялық, сценарийлік шешімдер қамтылады. Сондықтан бұл — нағыз авторлық құқық нысаны», — деді депутат Екатерина Смышляева.

Алайда қарапайым тапсырмалар, мысалы, «күз туралы ролик жаса» сияқты нұсқаулар авторлық құндылыққа ие болмайды — шығармашылық үлестің деңгейі әрбір жағдайда жеке бағаланатын болады.

Сонымен қатар, заң жобасында машина оқитын таңбалау (machine-readable marking) тетігі бекітілді. Ол авторларға өз контенттерін жасанды интеллект жүйелерінің пайдалануын шектеуге мүмкіндік береді. Бұл шешім өз еңбектері ЖИ модельдерін оқытуда пайдаланылуы мүмкін авторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Дегенмен, егер контент тек оқыту мақсатында, коммерциялық пайдасыз пайдаланылса, оны ЖИ жүйелерінің қолдануы авторлық құқықты бұзу болып саналмайды — бұл адамның өнер туындыларынан үйрену үдерісіне ұқсас деп түсіндірілді.

«Жасанды интеллект жүйелерінің контентті пайдалануы авторлық құқықты тікелей бұзу емес, өйткені ол мазмұнды қайталамайды және одан пайда таппайды. Ол тек одан үйренеді — дәл адам өнер туындыларынан үйренгендей», — деді депутат.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсіндіргендей, авторлар өз материалдарының ЖИ жүйелерін оқытуда қолданылуына тыйым салу құқығына ие болады.

«Біздің заңда мен автор ретінде өз контентімнің жасанды интеллект үшін пайдаланылуын қаламаймын деп тыйым қоюға болатын норма бар», — деп мәлімдеді ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун.

Сондай-ақ министрлік ЖИ әзірлеушілер мен авторлар арасындағы ынтымақтастық платформаларын құру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл алаңдарда бірлескен авторлықты бекіту және ЖИ көмегімен жасалған туындыларды пайдалану шарттарын келісу мүмкіндігі ұсынылады.

TSARKA қолдауымен